Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзіне үйленуім үшін миллион доллар ұсынды": Өктем Алтаев отбасы құрған сәтіндегі қызық оқиғасын бөлісті

Танымал әнші, сазгер Өктем Алтаев отбасын құрған сәтін, жарымен қалай танысқанын “Алғашқы” бағдарламасында айтып берді. 

Фото: Бағдарламадан скриншот

Өнер иесі болашақ жарымен Өзбекстан Республикасының Шыршық деген қаласында танысқан. 

“Өнер – ауыр жол. Жұрттың көзі бар, сөзі бар, адамды азғыратын ұсыныстар келеді. Ақша жүрген жер жақсы емес негізі. Маған "Саған миллион доллар беремін, маған үйлен, некемізді қидырайық" деген адамдар болды. Ал мен әрқашан өз отбасымды таңдаймын. Әлі де солай. Өнердің ең биігіне шығу үшін барыңды салуың керек. Ал ондай кезде отбасың екінші орынға ысырылып қалады. Ал мен отбасыда әкенің рөлі қандай екенін жақсы білемін. Себебі әкесіз өстім. Сол себепті балаларымның алдында көбірек болуды таңдадым. Әлі күнге дейін екі таңдау тұрса, бірінші отбасымды таңдаймын. Балаларым әкелерінің бар екенін сезініп өсуге тиіс”, – деп жан сырын ақтарды әнші. 



Сонымен қатар болашақ балаларының анасымен де қалай танысқанын бүкпесіз баяндап берді.

“Бір жолы таныс жігіт музыкалық аспабымды "бере тұршы" деп сұрап әкетіп, сол күйі қайтармай кетті. Ақырында Өзбекстанның Шыршық деген өңіріне өзім іздеп, аспабымды алып кетейін деп бардым. Ол жігіт мені кешкісін болатын жастардың отырысына шақырды. Сол жерде төрге шығып, гитарамен ән шырқап, қыз-қырқынның ортасында отырғанмын. Бір кезде екі көзі оттай жанған бір қыз кіріп келді. Бірақ көп ұзамай шығып кетті. Сол қыздың жалт еткен жанары маған садақ атты ма, есімнен шықпай қалды. "Жаным, бір көріп ғашық болдым саған" деген әнім сол қызға арнап шығарылды. Екінші кездесуге арнайы іздеп барып, Ташкентте қыдырдық. Жолда өзім дайындап барған үш сұрақты қойдым. Ол үш сұрағыма да менің ойымнан шығатындай етіп жауап берді. Сол жағы одан сайын ғашық етті. Сөйтіп үшінші кездесуде үйінен, есігінің алдынан басып алып қаштым. Қатарластарымнан кеш үйлендім", – деп сол сәтті күліп еске алды өнер иесі. 

Еске салайық, әнші 23 жастағы қарындасының қазасы туралы айтып берген еді. 

Талқылау