Отандық спорт екі бірдей аңызынан айырылды

Отандық спорт бір күнде екі бірдей аңызынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Солардың бірі – грек-рим күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рысбек Рамазанұлы дүниеден өтті.
Саңлақ бапкер саналы ғұмырын спортқа арнап, талай жас балуанның жолын ашқан. Сондай-ақ олардың бойындағы талантын ұштап, биік белестерді бағындыруына зор үлес қосты.
Рысбек Рамазанұлы 1994 жылдан бастап Қ. Мұңайтпасов атындағы республикалық спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта жаттықтырушы қызметін атқарды.
1995–2005 жылдары Қазақстан Республикасының грек-рим күресінен кадеттер мен жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болды.
2008 жылдан бері ҚР Олимпиадаға дайындық орталығының (Алматы қаласы) аға жаттықтырушысы қызметін абыроймен атқарып келді.
Ол жастар арасындағы екі дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы Әсет Иманбаевты, әлем және Азия чемпионы Дәурен Баяхметовті, И. Поддубный құрметіне өткен халықаралық турнир жеңімпаздары Ербол Қоныратов пен Алмат Кебіспаевты, сондай-ақ 2010 жылғы 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Жәнібек Қандыбаевты тәрбиеледі.
Сонымен қатар, Қазақстан кикбоксингінің аңызы Сабыржан Махметов өмірден озды.
Ол жекпе-жек спортындағы ең беделді бапкерлердің бірі, КСРО құрамасын басқарған жалғыз қазақ болды. Сабыржан Ғалымжанұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жекпе-жек спортын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Сондай-ақ, ол Жекпе-жек федерациясының негізін қалаушы әрі жетекшісі ретінде кеңінен танылды.
Қос даңқты тұлғаның есімі ел жадында мәңгі сақталары сөзсіз.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша кәсіп ашуға рұқсат берілді: Бұл кімдерге қатысты