Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде көпқабатты үйдің жанында болған жарылыс жұртты шошытты

Өскеменде үйлердің терезесін шытынатып жіберген жарылыс жұрттың зәре-құтын қашырды. Ал жаз басталғалы жарылыстан көз ашпай келеміз деген халық мұндай жағдай тағы да қайталана берсе, үйіміздің қабырғасы жарылып, құлап қалады деп алаңдап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Маусым айында басталған гематологиялық орталықтың құрылысын 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Сондықтан ғимараттың орнын әзірлеп жатқан құрылысшылар жерді жарып, қопарып жатыр. 

Дүмпудің қатты болғаны соншалық жақын маңдағы үйлердің есік-терезесі қозғалып, қабырғасы дірілдеп кеткен. Тұрғындар жарылыс осылай жиі бола берсе, үйіміз құлай ма деп қорқады. Өйткені, жаңадан салынған үйлердің іргетасы әлі бекіп үлгермеген. Жарылыстан әбден жапа шектік деген халық құрылысшылардан алдын ала ескертуді сұрайды. Хабарласа есік, терезелерді ашып, сақтық шараларын сақтап, өзімізше қорғанып отыратын едік дейді. 

"Кірпіш үй, ол темірдің астында бізге көрінбейді, сырты қапталған. Ешкімге ескертпейді", - деді Өскемен қаласының тұрғыны Қабдулла Шәкенов.

Қатты дүмпуден қорыққан елдің біразы құзырлы органдарға шағымданған. ПИк төрағасы да құрылысқа арыз жазған. Ал құрылысқа тапсырыс берген басқарманың өкілдері тексеріс жүргізілетініне сендірді.

"Дұрыс жасалғанын, бәрін тексеру үшін хат жолдаймыз. Егер мердігер компания қандай да бір заң бұзушылықтар жасаса тиісті шаралар қолданылады", - деді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әсет Сүлейменов.

Басқарма басшысы құрылыс салдарынан бүлінген үйлердің шығынын өтеп немесе жөндеп беру жөнінде бас мердігермен келісім бар екенін айтты. Сөзінше, бұл уәде жарылу жұмыстары аяқталған соң қазан айында орындалады. Ал жоспар бойынша алда әлі екі үлкен жарылыс бар екен. Бірақ құрылысшылар енді елдің үрейін алмас үшін оның күшін азайтып, 4 рет жасамақ. 

Талқылау