Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оны өлтірді, басқа күдігім жоқ": Алматыда қаңтар оқиғалары кезінде полиция ұстаған азамат әлі табылмаған

Бөгенбай Қанатбаев есімді азамат қаңтар оқиғалары кезінде жоғалған бауыры Мақседті әлі таппаған. 6 қаңтар күні ұсталған інісін полиция 12-сі күні шығарып жібердік дегенімен ұстап, қамағанын тіркеген орган Мақседті босатқаны туралы дәлел көрсетпеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі Азаттық сайтына сілтеме жасап.

Максед Канатбаев

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік тергеуді 6 ай бұрын бастаған бірақ олар да жаңа ештеңе таппаған. 

"Шағым жазылып жатыр. Бірақ қанағаттанарлық жауаптың жоқ екенін тағы да айтамын. Ал жауап алу үшін тергеу жан-жақты жүргізу керек", - дейді жәбірленушінің заңгері Нұрхан Амангелді.

Атыраудан Алматыға сирек келетін Қанатбаев телефон арқылы сөйлескені болмаса адвокатын көптен бері алғаш көріп отыр. Бірақ заңгердің де оны қуантатын жаңалығы жоқ болып шықты. Заңгер Қанатбаевтың өзін тергеушіге, прокуратураға бар деп жұмсайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік тергеуші Мақсат Құрманбаевтың демалысқа кеткенін айтқан. Тергеу басқармасының бастығы Қанатбаевты іздеуге қатысты қозғалған істің тоқтап қалғанын хабарлады.

"Тергеу нәтижесінде дәлелдеме де күдікті адамдар да табылмады. Сол себепті іс уақытша тоқталып тұр. Күдікті адамды анықтаған уақытта іс қайта жандандырылады", - дейді тергеу басқармасының бастығы Тұрлыбек Амантай.



Құқық қорғаушы уақытша ұстау изоляторының кезекшісі, бастығы мен орынбасарлары да жауапқа тартылуы керек дейді. Тергеу тоқтаса Біріккен Ұлттар ұйымының адам құқығын қорғау комитетіне шағымданатынын айтты.

"Оны біреу ұрды ма, соқты ма, камерадан не үшін алып кетті деген сұрақтар қойылуы керек қой. Бірде бір ондай сұрақ қойылған жоқ. Солардың қылмыстарын жабу үшін қойылмайды. Ол кісінің ешқайда жоғалып кетуі мүмкін емес. Ол демек өлтірілді", - дейді құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев.

Жоғалып кеткен 32 жастағы Мақсед Қанатбаев Қарақалпақстанда туған Өзбекстан азаматы. Қазақстанға 2020 жылы көшіп келген. Қаңтар оқиғасына дейін Алматыдағы Алтын орда базарында арбакеш болып жұмыс істеген. Полицияның қолына сыныптасы екеуі 6 қаңтар күні қала ортасында түскен. Сыныптасы 10 күннен соң босап шыққан және өзінің Қанатбаевпен бірге ұсталғанын растаған. 

Қанатбаевтың туыстарының сөзінше, Өзбекстан елшілігі Қазақстанға билігіне сұрау салған. 

Мақседтің ағасы Бөгенбай Қанатбаев бауырының із-түссіз жоғалып кетуіне полицияның қатысы бар деген күдігінің барын айтады.

"Полиция қызметкерлерінің бұған қатысы бар, сондықтан жасырып жатыр деген күдігім бар. Басқа қандай күдік болады?! Шығарып жібергеніне ешқандай дәлел жоқ. Бұл істі сотқа дейін жеткізгім келеді", - дейді Бөгенбай Қанатбаев.

Талқылау