Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқушыны тізерлетіп, кешірім сұратқан": Жамбыл облысындағы мектептегі дауға қатысты директор өз нұсқасын айтты

Жамбыл облысы Шу ауданындағы мектептегі дау жалғасын тапты. Еске салсақ, бұған дейін ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мадина Масакова өзінің қудалауға ұшырап, жұмыстан себепсіз шығарылғанын айтып шағымданған еді. Алайда мектеп директоры оның айтқанымен келіспейді. Білім ордасының басшысы педагогтың балаларға қол көтергені үшін жұмыстан шығарылғанын айтады. Толығырақ Stan.kz тілшісінің материалында. 

Мектеп директоры Азиза Естаеваның сөзіне сенсек, Мадина Масакова 2017 жылы жұмысқа қабылданыпты. Сөзінше, мұғалім Жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша жұмысқа орналасқан. 

"Мадина Масакова Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясына жұмысқа орналасқанда жаңа еңбек кітапшасымен келді. Жаңа еңбек кітапшасымен келгендіктен, мен мұғалімнің бұрын қызмет еткен орындары туралы қазбалауға құқығым жоқ. Осылайша мектебімізге жұмысқа қабылданды. Оған бар жағдай жасалып, интерактивті тақтасы бар жеке кабинетпен қамтылды. Қызмет барысында да мұғалімге тұрақты көмек көрсетілді”, – деді ол.

Мектеп директоры мекемеде жөндеу жұмыстары жасалуына білім бөлімі жауапты екенін алға тартады. Алайда ұстаз бұған білім ордасының басшысын айыптап, көңілге тиетін сөздер жазып, әлеуметтік желіге жазба жариялаған. 

“Мадина Масакова өз мәлімдемесінде мектепте тексеру жүргізуді талап еткені үшін қудалауға ұшырағанын айтыпты. Бірақ мектеп қабырғасында жүргізілген жөндеу жұмыстарына директордың еш қатысы жоқ. Мұнда тапсырыс беруші – білім бөлімі. Бірнеше рет тексеріс жүргізілгені рас. Алайда педагог мәселенің жай-жапсарын анықтамай, мені “жемқор басшы” деп айыптап, желіге жазба жариялапты. Абыройыма нұқсан келтіргені үшін сотқа беруге тура келді”, – дейді Азиза Естаева. 

Айтуынша, осы уақытқа дейін барлығы бес сот болған. Алайда ұстаздың мәлімдемелері дәлелденбегендіктен сот директордың пайдасына шешім шығарыпты. 

Бұған қоса білім ордасының басшысы Мадина Масакованың не себепті жұмыстан шығарылғанына да тоқталды. Оның сөзінше, мұғалім оқушыларға қол көтеруге дейін барған. Сондай-ақ педагог бұған дейін де үш мектептен жұмыс орнында еңбек тәртібін сақтамауы және бұзуы, ұжыммен дауласуы, жұмысқа себепсіз келмеуі сынды себептермен жұмыстан шығарылғаны анықталыпты. 

"Ең сорақысы сол болды. Ол анасы онкологиялық дерттен көз жұмған оқушыға  сыныптастарының көзінше тіл тигізіп, тіпті, ұрып, артынша тізерлетіп тұрып кешірім сұратқан. Ол бала соның салдарынан қатты күйзеліске ұшыраған. Кейін осы жағдайға байланысты бірнеше сыныптың ата-аналарының қатысуымен мектепте үлкен жиналыс өтті. Мұрағатта мұның хаттамасы да бар. Үш рет тексеру жұмыстары жүргізілді. Үстінен түскен арыз көп болғандықтан мектеп ұжымы, ата-аналар да мұғалімнің қызметтен кетуін талап етті", – деп түйіндеді мектеп директоры. 

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында ұстаз өзінің қысымға ұшырап, жұмыстан негізсіз шығарылғаны жайлы айтқан болатын. 

Талқылау