Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алтын Ордада арба сүйреп, саудагерлердің затын арқаладым": Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай өткен өмірі туралы

Атышулы журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға жақында ғана кәсіпкер достары қымбат көлік сыйлады. Жұрт назарына ерекше сұхбаттарымен іліккен журналистің бұған дейінгі өмірі туралы көпшілік біле бермейді. Stan.kz тілшісіне балалық шағы мен студент кезінде “Алтын Орда” базарында арба итергені, саудагерлердің тауарларын тасығаны туралы айтты. Басынан кешірген қиын тұрмысы мен әр сұхбатынан кейін жоғары жақтан түсетін қоңыраулар жайында жасырмай, бүкпесіз сұхбат берді. 

Әр аптаның бейсенбісі ешқашан сабаққа бармағанмын

Жамбыл облысы Меркі ауданының азаматымын. Отбасында 5 баламыз. Ауылда тұрғаныма, шаңына аунап өскеніме қуанамын. Ауыл бізді ширатты, көп нәрсеге үйретті. Өмірдің кез келген соққысына дайын болуға, отқа салса, жанбайтындай, суға салса, батпайтындай болуға бала кезден үйрендік. Жас кезімізден бір үзім нанның қадірін білдік. Шыны керек, ел сияқты мыңғырған малымыз болған жоқ. Қашан туады екен деп жалғыз сиырымыздың артына қараумен балалық шағымыз өтті. Сиыр туса, қуанып, сүт-ірімшікке жарушы едік. 

5-сынып оқып жүрген кезім. Меркіде еркін күрес жақсы дамып келе жатыр. Марат есімді ағайдың қолында мен де жаттықтым. Тауға қарай жүгіретінбіз. Шымыр бала болдым деп айта алмаймын. Шынығып жатқан балалардың соңында жүгіріп келе жатыр едім. Жаттықтырушым “шетке шық, көлік қағып кетеді” деп айтып ауыз жиған жоқ, қағып кетті. Тренерім мені өліп қалды екен деп ойлапты. Бетімді қармен жуып, ауруханаға алып кетті. Қаққысы келгеннен қақпайды, бірақ әжептеуір жылдамдықпен қақса керек, ес түсімді білмей қалыппын. Мені қаққан адам келіні мен немересін ауруханадан шығарып келе жатыр екен. 

Кез келген баланың ішкі арманы болады, бірақ спортты белсенді түрде айналысып, жетістіктерге жетем деген ой болған жоқ.

Менің арман мақсатым өз күнімді өзім көру болды. Кейде дос жігіттер “сен ұйықтағанда да ақша туралы түс көретін шығарсың” деп қалжыңдап жатады. Мәселе ақшада емес, оны қалай тапсам болады, қалай 5 теңгені 10 теңгеге айналдырсам болады деген ойда жүремін. 

Меркіде әр аптаның бейсенбісінде мал базары болады. Мен бейсенбі күні ешқашан сабақта бармағанмын. Менің сатпаған нәрсем жоқ. Қоян, тауық, түйе, сиыр, қой бәрін саттым. Бір күні мал базарда тұрсам, директордың орынбасары келіп тұр. “Жағдайымды түсініңіз” – деп айттым да “қолымдағы он үндіктің алтауы сіздікі” дедім. Сатып біткен соң барамын дегенім есімде. 

Спортты денсаулығыма байланысты қойып кеттім. Алматы қаласында такси болып жүргенде көлік апатына ұшырап, қатты жарақат алдым. Жедел жәрдемдегілер сені қауіпсіздік белбеуі аман алып қалыпты дейді. Көлігімді сұрасам, өзің барып көрерсің, енді айдауға жарамайды, металоломға өткізетін шығарсың деп айтқаны бар. Шынында барып көрсем, сау-тамтығы қалмапты. Көліктің моторы ішке кіріп кеткен, жанымда адам болатын болса, ол тірі қалмас еді. 

11 сыныпты бітірген соң, ауылда мал бағамын деп ойладым

Мені тоғызыншы сынып оқып жүргенде ағам Алматы қаласына алып келді. Ауылда жүріп қашанғы қой сатасың, қалаға әкеліп көзіңді ашайын, ауылда жүре беріп қисық жолға түсіп кетерсің деп айтты. Бұлай дегені мектепті де қатырып оқыған жоқпын, жұрттың балалары құсап табелімде 4-5 емес, сондықтан бұрыс жолға кетіп қалама деп қорықты. Шыны керек, мектепте отырғанда бүгін мына қойды алдым, келесі базар мынадай бағаға сатсам, сабақтан кейін шыққанда көршінің үйінде мынанша тауық бар екен, бәрін арзан бағада алып кетсем” деген ой ғана тұратын. Бір ғана қазақ әдебиетінің ақтарып, түсінгенімді айтып беретінмін. Сол кезде ұстаздарым журналистикаға түссеңші деп ақыл айтатын. Бірақ өзім оқу бітірген соң, әке-шешеме салмақ салмай, ауылда мал бағамын деп ойладым. 

“Алтын Орда” базарында арба итеріп, саудагерлердің заттарын тасыдым 

Алматыда мектепте оқып жүріп, саудамен айналыстым. 9-сыныпта автобус кондукторы болдым. Ал 10-сынып оқып жүргенде “Алтын Орда” базарына келдім. Таңғы сағат төртте барып, 7-ге дейін өзбектің, ұйғырдың, дүнгеннің заттарын таситынмын. Арбамды солардың көліктерінің қасына қойып, тауарлары келген бойда тиісті орындарына алып барып беремін.

“Алтын Ордадағы” жұмысым 4-5-сыныпта істеген тіргіліме қарғанда ойыншық. Алтын Ордада 2007-2006 жылдары 10-11 сынып оқып жүргенде жұмыс істедім. Күніне арбаға 1500 теңге төлейсің. Ал табатын табысым 6-7 мың теңге. Таңғы сағат төртте барамын, сағат сегізде мектептің алдында боламын. Балағымның шаңын қағып, сабақ кестемді ауыстырып барамын. 

Сүйтіп жүргенде әзірбайжан саудагері мені өзіне қызмет істеуге шақырды. Бірден келістім. Сол кісінің қол астында жүріп, сауданың қыр-сырына қанық бола түстім. Шамалы уақыттан соң сол базар маңынан арзан дискілерді 100 теңгеге алып, қалаға апарып, 500 теңгеден сатып жатқанын естідім. Күніне 20 диск өткізсе, үстінде қалатын ақша 8 мың теңге. 2006 жылдары бұл біраз қаражат. Сөйтіп, Атакент маңында диск саттым, күніне 90-100 диск сатқан кездерім де болды. 10 сыныпта оқып жүріп қаланың ішінде 10 шақты диск сататын нүктелерім болды. Соның арқасында кейінен көкөніс, жеміс-жидек сататын болдым. 

Жоғары оқу орнына түскен кезде 1 курста оқып жүріп жер алып үй салдым. Мені танитындар, группаластарым жақсы біледі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультететінде ақылы түрде түстім. Амалын тауып грантқа түсуге болар еді. Бірақ ақыретте оның бәрі сұралады, 1-курсымнан бастап пара бермей-ақ қояйыншы дедім. Оқуымның ақшасын өзім еңбектеніп жүріп жаптым. 

Мен спорт журналисі болғым келді. Атақты спортшылар мен Олимпиада чемпиондарымен танысып, араласқым келді. Келешекте маған керек болады деген ойда болдым. Спорт журналисі болып 6 ай тегін жұмыс істедім, тәжірибе жинау үшін. Содан кейін өзімді телеарнада сынап көру мақсатында, еліміздегі белді арналардың бірінде жұмыс жасадым. Бірақ мемлекеттік арналардан, көңілім қалған азаматпын. 

Мемлекеттік арнаға жұмысқа кіріп, өкпелі шыққан Нұрсейіт Жылқышыбай арна басшысына өкпесі қара қазандай. Неге? “Уақыт көрсетеді” бағдарламасында Заманбек Нұрқаділовтің екінші әйелінен туған қызынан сұхбат алған соң қандай қысым болғанын жасырмай айтты. Ел ішін аралап, қайырымдылық жасауды қолға алған журналист келешекте депутат болмақ па? 

Бұл сұрақтарға жауапты Youtube арнамыздан сұхбаттың толық нұсқасынан көре аласыздар: 

 

Талқылау