Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында шұңқырға құлаған автобустың бөлшектері табылды

Павлодар облысында құтқарушылар үлкен шұңқырға құлаған автобусқа жақындады. Олар әріптестерінің сөмкесін, корпустың бөлшектері мен көліктің мемлекеттік нөмірін тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сурет сюжет кадрларынан

Мамандар жақын арада техниканы жер бетіне шығарады деп үміттеніп отыр. Оның ішінде жоғалған адамдардың денесі де болуы мүмкін.

Автобус 4 қаңтарға қараған түні үлкен шұңқырға құлады. Яғни бүгін іздеу жалғасқанына 13-күн. Іздеу жүйелері енді автобустың қайда екенін анықтай алды.

“Біз барлық дайындық пен жаттығуларды ТЖД қызметкерлерімен бірнеше рет өткіздік. Дәл сондай автобусты алып, егер оны қазып алсақ қалай болатынын немесе артқы жағы көрінсе, қандай ілмекпен шығаратынымызды қарастырдық. Егер оның бүйірі көрінсе, дәл жаттығудағыдай шығарып ала аламыз”, – деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Еске салсақ, бұған дейін Майқайыңда жер астына құлаған автобус ішіндегі қызметкердің жұбайы оқиғаның мән-жайын айтып берген еді.


Талқылау