Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Коктейль ұсынды": Алматылық ару барда жолыққан бұрынғы танысын зорлады деп айыптады

Желіде 22 жастағы Элина есімді ару видео жариялап, өзін зорлаған азаматқа байланысты істің сотқа жетпей тұрғанына шағымданды. Алматылық арудың айтуынша, ер адам 8 наурыз түнінде барда оған алькогольдік сусын беріп алдап, кейін таксимен өз пәтеріне апарып, ойындағы әрекетін іске асырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сурет желі кадрларынан

Элинаның айтуынша 2023 жылы наурыз айының 8-інен 9-ына қараған түні құрбысымен барға демалуға барған. Сол жерде олардың жанына арудың бұрынғы танысы келіп, бірнеше рет әңгімелесуге тырысқан. Кейін тіпті алькогольді коктейль ұсынған.

“Ұсынған коктейльді ішкеннен соң, шамадан тыс мас болып қалдым. Кейін құрбым екеуіміз үйге қайтпақ болдық. Сол сәтте ол үш  мекенжайға бір такси шақыруды ұсынды. Біз бірінші құрбымды үйіне жеткізіп тастадық. Кейін ол менің мастығым мен қорғансыздығымды пайдаланып, рұқсатымсыз такси қызметін тоқтатып, жаңасын шақырды. Онда ол өз пәтерінің мекенжайын жазып, сол жерде маған зорлық жасады”, – деді алматылық.

Ару біраз уақыт есін жия алмайтын жағдайда болғанын айтады. Ал өз-өзіне келген кезінде барынша қарсылық танытқан екен.

“Келесі күні мен таныс емес есігі құлыптанған пәтерде жалғыз ояндым. Кейін құрбыммен байланысып, ол мені сол пәтерден алып кетті. Оқиғадан кейін Svet қорының көмегімен құқық қорғаушыларға жүгіндім. Арыз жаздым, қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Алайда тергеуге 288 күн болған кезде полиция істі прокуратураға тапсырды. Сол жақтан іс сотқа баруы керек еді”, – деп қосты ару. 

Элина прокурорлардың істі сотқа жібермеуінен күдіктенетінін айтады. Айтуынша олар тіпті сол күні жеткізген такси жүргізушілерінен мән-жайды сұрату үшін істі қайта тергеуге берген. 



“Олар нақты әрі тікелей дәлелдерге қарамастан оқиғадан 288 күн өткеннен кейін кенет такси жүргізушілерінің куәлік етулерін сұрады. Жамбастың ішкі бөлігінде және денемде қарсыласу нәтижесінде алған көгерудің болуы, іш киімде күдіктінің сперматазоидының анықталуы, қынаптан қан кетуі, іш киімдегі қан іздері екі сот медициналық сараптамасында анық көрсетілген. Осы жағдайдан соң менде сұрақтар пайда болды. Барлық тікелей дәлелдердің барына қарамастан прокуратура не мақсатпен істі сотқа жібермей отыр? Прокурорларды сатып алған ба? Мемлекеттік орган бұл істі жаймен жауып тастауға тырысып жатыр ма?”, – деді ару.

Элина қазір оқиғаның болғанына 310 күн өткенін айтып әділдікті талап етті. 

Оқиғаға байланысты Stan.kz тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінен түсініктеме сұрады.

“Аталған дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлайды.
Өндіріс аясында қажетті сараптамалар жүргізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша істің объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде”, – деді ведомство. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда бардың күзетшісінен зорлық көрген тағы бір келіншектің адвокаты іс сотқа жеткенін мәлімдеген еді.

Талқылау