Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Менің өліміме Стас ағай кінәлі”: Алматыда 12 жасар жасөспірім бокс жаттықтырушысы қысымынан соң өз-өзіне қол жұмсамақ болған

Алматы қаласында 12 жасар жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, хатқа бұған өзінің бокстан беретін жаттықтырушысы кінәлі екенін жазып қалдырған. Баланы дер кезінде құтқарып қалған ата-анасы жаттықтырушының жазасын алуын талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Астарлы ақиқат” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алматылық Ерлан Ыдырысов – үш баланың әкесі. Ол ұлы Мейірланнан үлкен үміт күтеді. Себебі оның спортқа деген қызығушылығы ерекше екен. Айтуынша, Мейірланның бокспен айналысқанына биыл екі жыл толады. Бірақ жаттықтырушыға жақпай қалған. 

“Халық Аренада” бокстан турнир болды. Сол кезде балам қатарластарымен кіреберісте тұрды. Бір кезде шу басталып кетті. Бір қарасам, жаттықтырушы баламды теуіп жатыр екен. Жүгіріп келдім де, араша түстім. Неге тиесің деп екеуміз жанжалдасып қалдық. Ол балаға өзі келіп тиісіп тұр. Бір кезде турнир басталды. Балам турнирге шығып бокстасты. Сол кезде жаттықтырушы менің баламмен бокстасқан қарсыласына “өлтір оны” деп айғайлап тұрды”, – деді әкесі.

Мейірланның анасы Назира Ыдырысова да жаттықтырушының қысым әрекетін байқағанын айтады.

“Ол кісі Мейірланды көшеде көрсе де, автобуста көрсе де, қай кезде де балаға психологиялық қысым жасаған. Елдің көзінше автобуста оған “сен әлі өлген жоқсың ба, тірі қалдың ба” деп айтқан. Көрген жерде балаға тиіспей өтпеген. Бұл кісі заң жүзінде өзінің жазасын алсын. Өйткені ол – балалармен жұмыс істей алмайтын адам”, – деді Назира. 

Әкесі Ерланның жаттықтырушымен келіспеушілігі Мейірланның бокстағы тобымен лагерьге барғанда орын алған. Сол жерде жаттықтырушы оларға дұрыс деңгейде қамқорлық танытпаған екен.

“Жаттықтырушы барлық балаға шөп жұлғызып жұмсап, кейін дұрыс піспеген кәуап берген. Бала содан уланып, 1 апта бойы ауырған. Ал жаттықтырушы ата-аналарыңа айтпаңдар деп бопсалаған. Ұлымыз үйге келгенде оны танымай қалдық. Қатты арықтап кеткен. Кейін мән-жайды біліп, жаттықтырушысына хабарластық. Сол кезден бастап ұлымызға тиісетінді шығарды”, – деді әкесі. 

Ерланның айтуынша, осындай жайттардан соң Мейірланның жаттықтырушысы Станислав Пак оны ата-анасына шындықты айтқаны үшін кәналап, тобындағы өзге балаларға онымен араласпауды тапсырған. Тіпті Мейірлан барып жүрген жаңа жаттықтырушыға да баланы жамандап, жұмыс істеу қиындық тудыратынын айтқан. Қатты қысымға шыдамай, жасөспірім бір күні скакалкамен асылмақ болған.

“Әкешім, анашым, маған ренжімеңіздер. Осы бүгінгі күн маған жаман болды. Мен шаршап кеттім. Бағдат ағай мені спорт колледжінен қуып жіберді. Осы менің өліміме Стас ағай кінәлі”, – деген хат қалдырған. Жедел жәрдем алып кеткен кезде киіндірдік. Анасы үйде шалбарының қалтасынан хат тауып алды”, – деді әкесі.

 7-сынып оқушысын әкесі дер кезінде көріп, құтқарып қалған.

“Түнгі сағат 3 шамасы еді. Қатты дыбыстан атып тұрдым. Сырт жақтан шықты. Жүгіріп келіп қарасам, балам жерде жатыр екен. Бала скакалканы шегеге байлап, содан етпетінен құлаған”, – деді Ерлан.

Жасы 60-тан асқан жаттықтырушының спорттық білімі де, жетістігі де жоқ екен. Ол өмір үйретті деп балаларды жинап, жаттықтырушы болуды шешкен. Станислав Мейірланмен араласпаңдар деп өзге балаларға айтқанын мойындайды. Бірақ өз іс-әрекетін тәрбие шарасы ретінде көретінін айтқан жаттықтырушы ата-анасынан да, баладан да кешірім сұрамайтынын айтты. 

Егер жаттықтырушының кінәсі сотта анықталса, 8 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. 

Талқылау