Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"6 қаңтарда зейнетке шығуы керек еді": Қаңтар оқиғасында қаза тапқан тергеу инспекторының әкесі ұлы жайлы естеліктерімен бөлісті

Қаңтар оқиғасында қызметте жүріп қаза тапқандардың бірі 46 жастағы тергеу изоляторы ЛА-155/16 ДУИС инспекторы Ербол Ержан. Зейнетке шығар жасы келсе де жаңа буынды үйрету үшін басшылар оның жұмыста қалуын өтінген екен. Мұндай өтінішке бейжай қарай алмаған азаматқа Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген. Алматы облысы Қаратау ауданында туып өскен Ерболдың әкесі Төлеубек Іңкербаев Stan.kz тілшісіне ұлы туралы айтып берді. 

Марқұмның әкесі жалғыз ұлының жастайынан алғыр болғанын еске алды.

“Сабақта озат болды. 9-сынып бітіргенінде оны оқуға жібергіміз келген. Алайда сол кезде мектеп директоры үлгілі оқушыларымыздың бірі деп тағы бір жылға алып қалды. Кейін Ауыл шаруашылығы техникумына қабылданды. Өзі әскери өмірге қатты қызығатын. Техникумның 1-курсын бітірген кезінде сұранып, өз еркімен борышын өтеуге кетті. Екі жылдан соң қайта оқуын жалғастырып, бітіріп шықты”, – деді Төлеубек Іңкербаев.

Ербол тергеу изоляторында жұмыс істейтін Бауыржан есімді ағасын үнемі үлгі тұтқан екен. Сол ұшқынмен ол әскери қауіпсіздік саласына жол салған.

“Ұлым інімнің мамандығына қатты қызығатын. Бір келгенінде Бауыржан Ерболды өзімен бірге жұмыс істеуге шақырды. Өзі де сондай салаға құлшынған балам қуана-қуана келісіп, бірге еріп кетті. Жұмысқа кіре сала бастығының көзіне түсіп, соның қарауында болды. Содан бері міне, 22 жыл сол жерде қызмет еткен екен. Үйге қарағанда жұмысын жақсы көретін. 22 жыл бойы бір жаман қылығымен көзге түскен емес. Өз ісіне беріліп, бірізділікпен адал атқарды”, – деп қосты әкесі.

“2021 жылы тамыз айында зейнетке шығуы керек болған. Дегенмен басшылары жаңадан келген жастарды үйретіп жол көрсетуді өтінген соң тағы қызметінде қала тұрды. Кейін жаңа жылға дейін жүре тұр деген соң тағы қалды. Оған 6 қаңтарға зейнетке шығу бойынша қол қойлып, бұйрық шыққан болатын. Алайда ұлым зейнеттік демалысты көре алмай кетті”, – деді әкесі.

Төлеубек Іңкербаевтың сөзінше, ұлының жұмыс орны 4 қаңтар күні елдегі жағдайға байланысты барлық қызметкерлерді шұғыл түрде жинаған.

“4 қаңтардан бастап ол күшейтілген күзетте болды. 6-7 қаңтарда тергеу изоляторының маңында атыс болған. Қызметте жүрген ұлым сол жерде оқ тиіп қаза тапты”, – деп қосты әкесі.

Ерболдың бүгінде артында бір ұл, бір қызы қалған. Жары мен қос қанатына бар жағдайды жасауға тырысқан екен. Ұлының да өзі секілді әскери салада болғанын қалаған ол көзі тірісінде әскери институтқа тапсыртқан екен. 

“Үкімет берген уәделерін орындап, артында қалған жары мен балаларына екі бөлмелі пәтер мен 5 миллион теңге берді. Барлығына алғыс айтамын. Қазірдің өзінде әкімдер келіп, ауданның бас имамымен бірге құран бағыштап, еске алып дәм татып кетті. Қаңтар оқиғасынан бес-алты ай өткен соң да Қапшағайдағы тергеу изоляторы алдында ескерткіш ашылып үлкен жиын болып, ас берілген еді. Одан бөлек, желтоқсан айында Ерболдың еске алу кеші ретінде футбол ойыны ұйымдастырылып өткізілді”, – деді марқұмның әкесі.

Төлеубек Іңкербаев жалғыз ұлының өзіне қарасуды да ұмытпағанын тілге тиек етті. 

“Ұлым өте алғыр болды. Мен кейде ренжіп ұрысып жатсам да, келесі күні хабарласып, қалімді сұрап тұратын. Өте ұқыпты адам болды. Үйге де көмектесуге дайын тұратын. Келінім екеуі сенбі, жексенбі күндері уақыт тауып ауылға келіп, үйді реттеп ақтап, сырлап кететін”, –  деп қосты ақсақал.

Жалғыз ұлынан айырылған зейнеткер өзін немерелері мен елінің демеуі жұбататынын айтады.

“Германиямен соғыста 7 жыл бойы бір жеріне оқ тимей аман келген әкем қырық жыл қырғын болса да, ажал бөлек деуші еді. Сол секілді ұлымның ажалы осылай болып тұр екен. Қайғырамыз, уайымдаймыз, жылаймыз, бірақ көнбеске амал да жоқ. Қаңтар оқиғасында жалғыз менің ұлым емес, жазықсыз сәбилердің де, жастардың да қандары қыршынынан төгілді. Барша қайғы жұтып отырғандарға сабыр тілеймін. Демеу бергендерге алғысым шексіз”, –  деп қорытты ақсақал. 

Ішкі істер органдарында 1999 жылдан бастап қызмет атқарған Ербол Ержанов әскери және қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін, ||| дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.

Талқылау