Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде мамандандырылған ХҚКО медтексеруге артық ақша алып отырған

Ақтөбеде мамандандырылған ХҚКО медтексеруге артық ақша алып отырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Бұған дейін жүргізуші куәлігін жаппай сатумен айналысты деп айыпталса, енді медициналық тексеруден өткізу үшін артық ақша алып отырған. Тіпті дәрігердің бір жапырақ анықтамасын үш есе қымбатқа сатыпты.

"Түркістан облысының Сарыағаш қаласынан келген жауапкершілігі шектеулі серіктестік наркологтан анықтама алу құнын 5 мың теңге көлемінде белгілеген және 8 мың теңгеге басқа мамандардың тексеруін жүргізген. Алайда серіктестіктің медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы және санитарлық қортындысы болған жоқ", - дейді Астана ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Есет Әзімов.

Түркістандық компанияның халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеуіне рұқсат беретін құжаты болмаған. Мұны орталық басшылары елемепті де. Сондықтан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының директоры қызметінен қуылды. 

Ал жүргізуші куәлігін алмақ болғандарды медициналық тексеруден өткізіп келген фирма әкімшілік жауапқа тартылды. Бірақ қазір мұнымен келіспей, экономикалық сотта дауласып жатыр. 

Осыдан бір ай бұрын аталмыш орталықта жүргізуші куәлігін жаппай сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Олар сынақтан өткізуге көмектесуге әр адамнан 200 мың теңгеден алып отырыпты. Тестке кіретін тұлғаны арнайы техникамен жабдықтап дұрыс жауабын құлаққаппен айтып отырған. Қазір бұл қылмыстық топқа қатысты да тергеу жүріп жатыр.

Талқылау