Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Украина әлемді апаттан қорғап жатыр": Қазақстан тумасының Прагада салған муралы әлемге танылды

Қазақстанда туған, қазір отбасымен бірге Чехия астанасы Прагада тұрып жатқан Дмитрий Проскиннің Украинаны қолдап салған муралы әлемге тарап кетті. Ол бұл муралды 18 наурызда салып бітірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Бастысы, бұл суретті украиналықтар көрсе дедім. Олар алғыс айтып, хат жазып жатыр. Украиналықтарға қолдауымызды көрсету деген мақсатыма жеттім деп ойлаймын" дейді Проскин.

Муралда Украина туын жамылған кішкентай қыз түрлі ертегілердің (мультфильмдердің) кейіпкерлерін қорғап отыр. Муралда америкалық Микки Маус, француздық Обеликс, чехиялық Крот, польшалық Болек пен Лолек, британиялық барабаншы Шона және басқа кейіпкерлер бар.

Суретші бұл мурал арқылы "Украина бүкіл әлемді апаттан қорғап жатыр" деген месседжді бермек болдым дейді.

Проскин Чехословакияның тәуелсіздігі үшін күрескен лидер Томаш Масариктің Чехия туын ұстап жылап тұрған муралын салып, жұртқа танылған еді. Ол бұл суретін Чехиядағы Оломоуц қаласында 2018 жылы салған. 

Chemis лақап атымен сурет салатын Проскин қазір украиналық босқындарға көмектесіп жүр. Стрит-арт шебері жақында өз пәтерін Украинадан соғыстан қашып келген әйел мен оның екі баласына берген.

24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі Чехия 270 мыңнан аса украиналық босқынды қабылдады.

Талқылау