Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйінде 11 баласы мен үш әйелі күтіп отыр: Түрмеге түскен ақмолалық бастан кешкен оқиғасын мәлімдеді

Ақмола облысындағы колониялардың бірінде жазасын өтеп жатқан Асылбектің үйіде 11 баласы мен бірнеше әйелі күтіп отыр. Ер адам үйде психотроптық препараттарды химиялық жолмен жасағаны үшін сотталған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Асылбектің оқиғасын Ақмола облысы қылмыстық атқару жүйесі департаменті баяндап берді.

​Азамат бала кезінен аштық пен ақшаның үнемі жетіспеушілігін көріп өскен. Ата-анасы алкогольді ішімдікке тәуелді болған. Әр жиынның соңы отбасылық  дау-дамаймен, айқай-шу, төбелеспен аяқталатын. Асылбек көп балалы отбасының үлкен ұлы көрінеді.  Бірнеше рет үйден кетуге тырысқанымен, артындағы бауырларын тастай алмаған. Балалар да ағасының асырайтынын, ешкімнің қолына қаратпайтынын білген. 

"Жұмысты ерте жастан істей бастадым. 15 жасымнан бастап ауылда қасапшы болдым. Мектепті бітіргеннен кейін елордадағы медицина университетіне оқуға түстім. Бірақ екінші курста жанымдағы баланы соққыға жықтым. Мені оқу орнынан шығарып қана қоймай, түрмеге жапты ", - деп еске алады Асылбек.

Бірақ екі жылдан кейін ер адам колониядан шартты түрде босап шығады. Түрмеде отырған кезінде бір әйелмен хат алмасуды бастаған азамат темір тордан шыққан соң бірден оған барады. Әйел өзінен үлкен болған. Арада жылдар өтіп, ол Асылбекке төрт қыз туып береді. Бірақ ер адамның азаматтық некедегі әйелінен көңілі суып, басқа көңілдес тауып алады. Екінші әйел де Асылбекке екі қыз туып береді. 

Бірақ қазақстандық Дон Жуан үшінші рет үйленіп, некеден төрт қыз бен бір ұл дүниеге келеді.  

Ер адам барлық балаларымен қарым-қатынаста болған. Оларға қаржылай да көмектесіп тұрған. Бірақ жылдан-жылға оларды асырау қиынған соққан. Сөйтіп, химияға деген сүйіспеншілік пен медициналық тәжірибені қайта қолға алуға тура келеді. Пәтер жалға алып, есірткі психотроптық және химиялық заттарды дайындаумен айналыса бастайды. Оның айтуынша, бұл кәсіп қомақты қаражат тауып, әйелдері мен балаларын асыраудың жалғыз “тәсілі” болған. 

"Кәсібім бұлай тез дөңгелейді деп ойлаған жоқпын. Оны тұтынатындар мен ойлағаннан да көп болып шықты. Сұраныс артып, 5 граммның бағасы 70 мың теңгеге дейін жетті", - деді Асылбек.

Көп балалы әкенің қатаң режимдегі колонияда отырғанына үш жыл болған. Алда әлі жеті жыл қылмысының жазасын тартуы керек. Ол жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. 

"Мен көп қайғы әкелгенімді түсінемін. Есірткі жасап, саттым. Мүмкін, бұл кейбіреуінің соңғы ақшасы шығар. Денсаулықтарының құртылып, теріс жолға түсуіне себепші болдым. Олардың аналарының қаншама жасы төгілді. Менің де 11 балам бар, оларға ештеңемен көмектесе алмай отырмын”, - деді ер адам. 

Асылбек әртүрлі жұмыс істеп, ең төменгі жалақы алады. Бәріне қарамастан, оның әйелі кездесуге келіп, күйеуіне сәлемдемелерін әкеліп беріп тұрады. Жарының үйге қайтуын тағатсыздана күтіп жүр. 

Талқылау