Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент пен Түркістан облысында ет бағасы қымбаттады

Шымкент және Түркістан облысында ет 10 пайызға қымбаттады. Сонымен қатар сатушылар мал базарларындағы сиыр еті мен жылқы етінің тапшылығына шағымданып отыр. Құрбан айтқа қарай бағаның одан сайын өсуі болжануда, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі 31 арнаға “Информбюро” қызметіне сілтеме жасап.

Сатушы Сюзанна Алиеваның әр жұмыс күні сиыр етін жеткізушілерді іздеуден басталады.

“Олар таңнан кешке дейін іздейді. Ет таба алмадық, ешкім бермейді дейді. Бұрын бізде ет бағасы 2000 теңге болған. Қазір күн сайын қымбаттап жатыр. Өйткені шөп қатты қымбаттап кетті”, – дейді Сюзанна. 

Қазір базарда бір килограмм сиыр етінің бағасы – 2 200 теңге болса, жылқы еті – 2800 теңгеден сатылуда. Мал өсірушілер мен сатып алушылар бұл жағдайды жем-шөп бағасының өсуімен байланыстырып отыр. 

“Өткен жылы сығымдалған жемнің бағасы 400 теңге болған. Одан кейін баға өсіп 750 теңгеге дейін көтерілді. Күн сайын қымбаттап, 1000 теңгеге дейін жетті. Бұл жерде құрғақшылық кінәлі. Осыған байланысты фермерлер қажетті шөп көлемін дайындай алмады. Малды қоректендіретін ештеңе болмай, шаруалар малдарынан арылуға мәжбүр болды. Соңында базарларда аш мал сатылды”, – дейді мал сатушы Азамат Төлепбаев.

Шымкент қаласы фермерлер одағының төрағасы Тахирбек Нышанбаев Құрбан айтта еттің сөзсіз қымбаттайтынын жеткізді. 

“Айдың басында халық малын жаппай союына байланысты бағаның төмендеуі болды. Өйткені малды тамақтандыратын ештеңе болмады. Фермерлер сол кезде барлық малын союға мәжбүр болды деуге болады. Ал қазір мал аз, сондықтан қымбаттап жатыр. Менің ойымша, бағаның төмендеуі күтілмейді. Себебі бірінші мәселе – шөп жоқ, астық аз. Құрбан айтта да қымбаттауы сөзсіз. Алайда облыс әкімдігі жақын арада жем-шөпке қатысты жағдай Қарағанды облысымен келісімге келудің арқасында шешіледі деп отыр. Сол жерден жем-шөп әкелінеді деп күтілуде”, – дейді ол.

Талқылау