Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елорда тұрғыны сенатор Талғат Мұсабаевты аутизмге шалдыққан балаға шабуылдады деп айыптады

Әлия Әбдібаитова есімді елордалық желі қолданушысы сенатор Талғат Мұсабаевты тағы бір адамға шабуылдады деп айыптады. Оның сөзінше, ғарышкер бойжеткенді ұрған саябақта аутизмге шалдыққан ұл балаға жұдырық ала жүгірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

ұрып тастады

"Өткен қыста Әмір біздің итімізбен бірген триатлон-саябағында серуендеп келген. Ол үйге келіп, оған әлдебір ер азаматтың қатты айғайлап, балағаттап, итеріп жібергенін айтты. Бұған себеп кішкентай итіміздің оның алдына жүгіріп шыққаны болуы керек", – деп жазды желі қолданушысы. 

Әйелдің сөзінше, Әмір аутист болғандықтан оған жөнді жауап қайтара алмаған. Қазір бала саябаққа серуендеуге шыққанда үнемі осы жағдайды еске алатын көрінеді. 

"Әмірдің өтірік айтпайтынын білемін. Себебі ол өтірік айта алмайды. Жақында құрбым осы адамның бойжеткенге көрсеткен ерсі қылығы жайлы мақала жіберген еді. Суреттен Әмір бұл азаматты таныды", – дейді ол. 

Желі қолданушысы сенатордың елордалық қызға шабуылдағаны жайлы мақаланы жазба ретінде жариялаған. 

"Біз енді не істеуіміз керек? Мұндай адамдар халықтың қалаулылары бола тұра, осындай әрекетке баратынына қынжыламын", – деп жазды Әлия Әбдібаитова. 

Сенатор Талғат Мұсабаевтың өкілдері оқиға жайлы пікір білдірді. 

"Т.Мұсабаев аутизмге шалдыққан балаға шабуылдады деген БАҚ-та жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Бұған құқықтық баға берілетін болады. Өз кезегінде сенатор Т.Мұсабаев тарапы құқық қорғау органдарының бұл айыптауларға назар аударуын сұрайды", – деді сенатордың өкілі С.Нұрмағамбетов.

Бұған қоса, ол біреудің осындай арандатушылыққа баруы мүмкін екенін жеткізді. 

Еске салсақ, бұған дейін елордалық бойжеткен сенатор Талғат Мұсабаевты өзін ұрды деп айыптаған еді. Десек те, сенатордың өзі бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Талқылау