Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Больничный төленбейді": Мемлекеттік балабақша қызметкерлері ауырған күндері үшін ақысын ала алмай жүр

Қызылорда қаласындағы мемлекеттік балабақша қызметкерлеріне "жұмысқа денсаулығына байланысты жарамсыз" қағаздары төленбей келеді. Қарапайым тілмен айтқанда "больничный" аштырған мамандар жалақыларынан қағылып, өз есебінен ем алуға мәжбүр. Қалалық білім бөлімінің қызметкерлері болса бұл мәселені шешуге тырысып жатқандарын айтады. Алайда күні бүгінге дейін нақты нәтиже болмай отыр. Әділетсіздікке шыдамаған бірнеше балабақша жұмысшылары Stan.kz сайтының редакциясына хабарласқан болатын. 

Қызылорда қаласының тұрғыны Света Сыздықова "Күнекей" балабақшасында жұмыс жасайды. Өзі ІІ топ мүгедегі. Соған қарамастан тәрбиеші көмекшісі өз міндетін мінсіз атқаруға тырысады. Балаларды жақсы көргендіктен, жұмысын да зор ынтамен атқарады. Өткен айда Светаның  өт жолына ота жасалды. Бөбекжай маманы 10 күнге жуық ем алып, дәрігерлердің бақылауында болды. 

"Мен жұмыста 10 күнге жуық болмадым. Ауруханада жатқанымды растайтын барлық құжаттарым бар. Соған қарамастан айлығымнан қаражат ұсталған. Өзімнің алатын еңбекақымның мөлшері мардымсыз, оның тең жартысы қолыма тимей қалды. Бұл барып тұрған әділетсіздік қой. Мен қалалық білім бөліміне де бардым. Ондағы мамандар маған бөбекжайларда "жұмысқа денсаулығына байланысты жарамсыз" қағаздары төленбейтінін айтты. Бұл сонда қалай болғаны?", - деп шағымданады әйел.

Қызылордалық Раушан есімді келіншек те осындай жағдайға тап болған. 34 жастағы балабақша қызметкері екі баланың анасы. Бөбекжайда еден жуушы болып еңбек жасайды. Наурыз айының басында кіші қызы сырқаттанып, жұмыстан сұрануға мәжбүр болған. Басшыларына ескертіп, емханадан "больничный" аштырған. Соған қарамастан, жалақысынан 5 күндік жұмыс уақытының ақысы ұсталмақ.

"Мен өзім жалғызбасты анамын. Қызыма қарайтын адамның реті болмады. Баламның қызуы көтеріліп, мазасы қашты. Кейін жұмысқа қайта қосылғанымда, айлығымнан қаражат ұсталатынын білдім. Сонда бізге, біздің балаларымызға ауруға болмай ма? Қазір дәрі-дәрмектің бағасы қымбат. Жұмыс беруші біздің қолдау керек қой. Ешкім еріккеннен жұмыстан қалмайды", - деп ашынады Раушан. 

Қазіргі күні Қызылорда қаласында 28 мемлекеттік балабақша жұмыс жасайды. Қалалық білім бөлімінің мамандары аталмыш проблеманы шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын айтады. Ұзақ күттірмей оң шешім шығады деп сендіруде. 

"Еңбекке жарамсыздық парағының төленуі қаладағы барлық балабақшалардың өзекті мәселесі болып отыр. ҚР "Еңбек кодексі" бойынша төлену керек болғанымен, ҚР-ның "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25-желтоқсандағы №120 - ҮІ заңының (Салық кодексі) 486-бабының 6 тармағына сәйкес, мемлекеттік мекемелер еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы әлеуметтік салық сомасынан азайтылады деп көрсетілгендіктен, бөбекжай-балдабақшалар мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын болғандықтан бұл баптың нормасы балабақшаларға қолданылмайды", - деп жауап берді Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаева. 

Дегенмен балабақша қызметкерлері "Еңбекке жарамсыз" парақшаларының төленгенін талап етуді жоспарлап отыр. Бұл талаптың нақты қашан орындалатынын қазір айту қиын. 
 

Талқылау