Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Белгілі дінтанушы кеше ғана сәлафизмнен бас тартқан Мұхамеджан Тазабековке шарт қойды

Мұхамеджан Тазабековтің ақидасы мен діни көзқарасы қоғамда қызу талқыда. Күні кеше Тазабеков бұрынғы таным-түсінігін өзгертіп, дұрыс ақидаға көз жеткізгенін айтқан еді. Матруди ақидасына деген күмәні сейіліп, салафизмнің жат ағым екенін мойындады. Бұл тұста дінтанушы Қайрат Жолдыбай Тазабековке шарт қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Тазабековтің діни көзқарасы қоғамда екі түрлі түсінікте еді. Бірі оның бұрыс ағымда екенін айтса, бірі жақтады. Тазабеков өзі араласып жүрген салафизмнің жат ағым екенін түсініп, Матруди ақидасын мойындағанын мәлім етті. Дегенмен оған сенбестік танытқандар бар. Бұл да бір жат ағымның әдісі деп болжады кейбірі. Қайрат Жолдыбаев бұл күмәннан арылудың жолын айтты.

"Жаңа ақидаң құтты болсын, Мұхаммеджан бауырым! Кейбір азаматтар Мұхаммеджан бауырымның жаңа ақидасына қатысты “бұл да көзбояушылық, тақиялық тәсіл" деп күмәнмен қарап жатыр екен. Күмәндары орынды. Осы тұста Мұхаммеджан бауырыма бұл күдікті кетірудің оп-оңай жолын айтайын.

Айналаңдағы тығыз қарым-қатынаста жүрген сәлафи ақидасындағы адамдарды өзіңіз жиырма жылға жуық уақыттан кейін дұрыстығына әбден көз жеткізген Мәтуруди ақидасына қайтару үшін тер төгіп, аянбай еңбек етсең, бәрі өз қалпына келеді. Әсіресе, өзіңіздің неліктен мәтурудилікке қайтқаныңызды, сәлафилік ақидадағы өмірлік тарихыңызды айтсаңыз әсерлі болатындығында күмән жоқ.

Бұған сіздің шешен тіліңіз де, ақыл-парасат, әдіс-тәсіліңіз де жетеді деп ойлаймын. Солардың бір-бірлеп мәтуруди ақидасына қайтқаны жайлы хабарды естіген сайын қазақ қоғамы қуанышқа бөленіп, өзіңе көл-көсір алғысын жаудырар еді. Оның үстіне кезінде сәләфилікке өтуіне өзіңіз ат салысқан адасқан жандарды тура жолға салу үшін аянбай еңбек етуіңіз ең әуелі бұл діни де, адами да парызың", – деп жазды өзінің facebook парақшасында.

Сонымен қатар, ол Мұхамеджанға артынан еріп адасқан жұрттың да ақидасын өзгерту керек екенін айтқан.

"Таухидті ұстанамыз дейтін сәләфи жолындағы жігіттердің айтып жүргені таза секта" деп өзіңіз баға берген шатасқан ағайындарды жинап немесе бір-бірлеп арнайы ұмраға, қажылыққа апарайық. Қайрат Құрманбай, Ерсін Әміре, Еркінбек Шоқай, Бауыржан Әлиұлы сынды білімді азаматтарды бірге апарып, адасқандардың ақидасын өзгертейік. Осылай жасасаңыз ғана сөз бен іс үйлеседі де, қоғамда ешбір күмәнға орын қалмайды. Жұрт не десе де, шынайылық түбінде жеңіске жетеді. 

Бұл ұсынысымды есіңізде болса, 2013 жылы Әзірет Сұлтан мешітіне келіп, "Қайреке, елге бірге қызмет жасайық" деген кезіңізде өзіңізге "шарт" ретінде де айтқан болатынмын", – деп атап өткен дінтанушы. 

Талқылау