"Мен "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша үй алдым": Жуырда баспаналы болған жастар өз тәжірибелерімен бөлісті

Алматыда 2017 жылдан бері жас мамандарды қолдау мақсатында "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған бұл мемлекеттік бағдарлама бойынша қалай үй алуға болады? Бұл туралы Stan.kz тілшісі анықтап көрді. 

35 жастағы кез келген азамат жеңілдетілген шарттар бойынша "Алматы жастары" мемлекеттік бағдарламасымен үй ала алады. Бұл үшін қала әкімдігіне қарасты тұрғын үй саясаты басқармасы мен "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арасында келісім жасалған. 

Аталмыш мемлекеттік бағдардарламаның артықшылығы - жылына 5%-дық мөлшерлеме бойынша жастарға үй алу үшін 13 миллион теңгеге дейін қарыз беріледі. Бұған қоса, үй алуға жолдама алған алматылықтар қарызды 3 жылдан 25 жылға дейін бөліп төлей алады. 

Биыл бағдарлама бойынша 1858 жас маман баспана алуға арналған жолдама иеленіпті.

"Алматы жастары" бағдарламасы бойынша үй алу үшін қандай талаптар қойылады: 

1. Қазақстан Республикасының азаматтығы;

2. Қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда), өтініш беру кезінде, жұбайының (зайыбының) жасына қарамастан (бар болса). Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады;

3. Үміткерде және оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында тұрғын үйдің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайының әдейі нашарлауы фактілерінің болмауы;

4. Қатысушының ресми жұмыс өтілі келесі санаттар бойынша Алматы қаласында кем дегенде соңғы 6 ай, міндетті зейнетақы мөлшерлемесімен болу қажет. 

Айта кетейік, бұл бағдарлама бойынша мәдениет саласы, спорт саласы, ЖОО және ҒЗИ қызметкерлері, журналистер, әлеуметтік сала мамандарына үй беру қарастырылған. 

Алматы қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметінше, осы уақытқа дейін бағдарлама бойынша 1044 жас маман баспаналы болыпты.

"Бағдарлама шеңберінде 1044 азамат тұрғын үй қарыздарымен қамтамасыз етілді, оның ішінде: 2017 жылы – 108, 2018 жылы – 134, 2020 жылы – 802. Бұл бағытта жұмыс әлі жалғастырылуда", - деп жауап берді басқарма өкілдері Stan.kz тілшісінің ресми сұратылымы.

Бұған қоса, басқармадағылар 2020 жылы бағдарламаға жергілікті бюджеттен 10 млрд. теңге бөлінгенін атап өтті. 

Журналист Гүлназ (есімі өзгертілген) алғашында бағдарламаның міндетті түрде Алматыда тіркелген болуы керек деген шартын естіп, мемлекеттен үй алу туралы тіпті ойламағанын айтады. Дегенмен кейін бұл шартты алып тастағаннан кейін бағын сынауды жөн көріпті. 

"Елімізде баспана алуға байланысты бағдарлама көп, жылда жаңасы шығады. Бірақ біразында "үміткер тұрғылықты жер бойынша тіркеуде тұруы керек" деген шарт бар. Осыны білгеннен кейін мемлекеттік бағдарламаларға қызықпайтынмын. Мегаполиске сырттан келген адам қалаға қайдан тіркелсін? Бірақ бір күні әріптесім "Алматы жастары" бағдарламасынан тіркеу туралы шартты алып тастағанын айтты. Өзі бағдарламаға өтініш жіберіп, қатысып көрмек екен. Мен де көрейін дедім. Себебі бұл бағдарламаға мамандығымыз, жұмысымыз сай келді. Қазір бәрі онлайн болғасын жинайтын құжаттарды да оңай алуға болады. Солай өтініш беріп көрдім. Екі айдан кейін жауап шықты. Маған "Алматы жастары" бағдарламасымен үй алуға жолдама берілді", - дейді Гүлназ. 

Сөзінше, үй алуға жолдама берілгеннен кейін мемлекет қарызын өтеуге қабілетті екеніңді дәлелдеу қиынға соқтырған. 

"Қазақстанда үй алуда арнайы айтып кететін бір ыңғайсыз тұсы бар. Көп адам қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ақша жинап, үй алады. Бірақ бұл банк арқылы үй алу үшін айлық табысың жетіп тұру керек. Байқағаным, қазақстандықтар осы тұста қиналады. Мысалы, бәрінің айлығы 300 мың бола бермейді. Ал банк ай сайын тауып жатқан ақшаң жетпесе, несие бермейді. Мен осындай шартты орындай алмай баспанаға қолы жетпеген адамдарды білемін. Егер үй алатын болсаң, сол қарызды төлеуге көмектесетін гарант табуың керек. Гарант болатын адамның да табысы жоғары болғаны дұрыс. Ал адамдар тіпті сол гарантты да таппай қиналады. Мен үй алған бағдарламаның ыңғайсыз тұсы – осы гарант табу мәселесі", - деп қосты мемлекеттік бағдарлама бойынша үйге қол жеткізген жас маман. 

Құжаттарды онлайн жинастырған Гүлназ бұдан бөлек еш қиындық туындамағанын айтады. Десек те ол жастарды қолдауға арналған бағдарлама бойынша үй алу мүмкіндігіне ие мамандықтардың тізімі шектеулі екенін атап өтті. 

Гаухар

Гаухар Дәуренқызы

Алматылық М. Мақатаев атындағы №140 мектеп гимназиясының бастауыш сынып ұстазы Гаухар Дәуренқызы қиындықтар бағдарлама бойынша жолдама алғаннан кейін басталғанын сөз етті. Сонымен қатар, мектеп мұғалімі мемлекеттен берілген ақшаға тек бір бөлмелі пәтер алуға мүмкін болғанын жеткізді. 

"Жалпы, құжаттарды жинауда және электронды түрде сайтқа жіберуде ешқандай қиындық болмады. Еліміздегі карантинге байланысты құжаттарды қабылдау уақыты ұзартылып, қорытындысы кешігіп шықты. Бақытыма қарай бағдарламаның талаптарынан мүдірмей өттім. Қиындықтар дәл осы қорытындысы шыққаннан кейін туындай бастады. Жеке басыма және жұбайыма тағы да құжаттар, атап айтқанда кредиттік тарих, айлық табысы, зейнетақы қоры, жылжымайтын мүлік туралы анықтама жинау керек болды. Бұған 15 күн уақыт берілді. Банк менің айлық көрсеткішіме байланысты 11 млн мақұлдады. Екі бөлмелі пәтерге ақшамыз жетпегендіктен  бір бөлмелі үй алдық. Қайткенмен де, менің екі балам бар. Бір бөлме өте тар екені белгілі", - дейді ұстаз. 

Бастауыш сынып ұстазының айтуынша, үйді жолдама алған күннен бастап іздей берген жөн. 

"Үй іздегеннің өзі үлкен жауапкершілік. Осы ретте тек Krisha.kz сайтынан ғана қарамай, барған жерінде сатылатын үй жоқ па деп сұрап жүрген дұрыс. Сонымен қатар, сайт арқылы іздеген жағдайда үй иесі батырмасын басқан абзал. Себебі риэлторлар арқылы табам десеңіз, қалтаңызда қомақты ақшаңыздың болғаны дұрыс. Риэлторлардың жұмысы 300-500 мың аралығын құрайды. Тапқан үйіңіз банк талаптарына сай болуы тиіс. Құжаттарды рәсімдеу барысында тағы да шығыстың болатынын айтқым келеді. Нотариус, банк тарапындағы комиссияларға да біраз қаражаттың кететіні айқын", - деп қосты Гаухар Дәуренқызы.

Еске салайық, 2020 жылы үшінші рет ұйымдастырылған "Алматы жастары" бағдармаламасына құжат тапсыру 15 қыркүйекте аяқталған болатын. 

 

Дайындаған Дидар Халық

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр