Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жауапкершілікке тартылмайды, өмір бойғы күзет және мемлекеттік сақтандыру: Назарбаев пен оның отбасы қандай артықшылықтарға ие

Қазақстанда сонау 2000 жылы "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы" Конституциялық заң қабылданды және онда Елбасы мен оның туыстарына толық қол сұғылмаушылық кепілдігі берілді. Stan.kz ақпарат агенттігі Елбасы туралы заңға шолу жасап шықты.

Елбасыны жауапкершілікке тартуға болмайды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды.

Оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің жеке меншік құқығындағы барлық мүлікке қол сұғылмайды.

Тиіспеушілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазысқан хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Тиіспеушілік Елбасының қорына және ол құратын өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.



Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қойылмайды.

Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі.

Назарбаев пен оның отбасын өмір бойы қорғау

Елбасын күзету Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің тиісті бөлімшесіне жүктеледі.

Тұңғыш Президентке –  Елбасына ол үнемі тұратын немесе уақытша болатын жерлерінде өмір бойы мемлекеттік күзет беріледі.

Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен – Елбасымен бірге тұратын немесе онымен бірге еріп жүретін отбасы мүшелеріне де мемлекеттік күзет беріледі.

Елбасының өмірі мен денсаулығы сақтандырылған

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы жасына қарамастан Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымдық жалақысының 80 проценті мөлшерінде ай сайын зейнетақы алуға құқылы. Елбасының зейнетақысы Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымдық жалақысының өсуі есепке алынып көтеріліп отырады.

Елбасының өмірі мен денсаулығы республикалық бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы Президентінің жылдық лауазымдық жалақысына тең сомада міндетті мемлекеттік сақтандырылуы тиіс.



Елбасымен бірге тұрған әрбір отбасы мүшесіне ол қайтыс болған күнге дейін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қарттығына байланысты зейнетақының 10 еселенген ең төменгі мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақы өмір бойына тағайындалады.

Тұңғыш президент Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін орындауды тоқтатқан күнге дейін оларға көрсетіліп келген көлемі мен түрлеріндегі тегін медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеу құқығы өмір бойы сақталады.

Назарбаевтың шығындарын кім төлейді

Осы Конституциялық заңда көзделген шығыстарды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының қорын толықтыру мен ұстауға және оның үй-жайларын күзетуге, жеке кітапханасы мен жеке мұрағатын сақтауға көзделген шығыстарды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тұрғын үй, медициналық, санаторий-курорттық, көліктік және өзге де қызмет көрсетуді уәкілетті мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

Талқылау