Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нарық заңында жоқ": Экономист компанияларға табысын бөлісуді міндеттеген Маңғыстау әкімінің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі ірі компанияларды демеушілік жасап, тапқан табысын халықпен блісуге міндеттеген еді. “Компанияларды табысын бөлісуге мәжбүрлеу қаншалықты дұрыс?” деген Stan.kz тілшісінің сауалына экономистер жауап берді. 

Фото: instagram.com/maxathalyk/ Маңғыстау облысының әкімдігі/facebook.com/rassul.rysmambetov

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірде тіркелген мұнай компанияларына әлеуметтік міндеттемелерден бөлек демеушілік көмекке көңіл бөлу керегін баса айтқан еді. 

“Облыстағы аталған 56 мекеменің дамуына, өркендеуіне ешқандай қарсылығымыз жоқ. Бірақ осы өңірде жұмыс істеп отырғандықтан, табысын халыққа да бөлу керек. Барлығын бірдей бюджетке іліп қоюға болмайды. Тұрғындарға жетіспейтін нәрсе көп. Сондықтан ірі мекемелер, шетелдік үлесі бар мекемелер өзінің табыс көзіне сәйкес халыққа аз да болса, бөліп беріп отыруға тиіс. Біз өз тарапымыздан әкімшілік көмектерді көрсетеміз”, – деген еді Нұрдәулет Қилыбай.

“Бұл – заңдастырылған рейдерлік”

Қаржыгер Мақсат Халық компанияларды табысын бөлісуге мәжбүрлеуді “заңдастырылған рейдерлікке” теңеді.

“Жалпы бизнесте мәжбүрлеу деген ешқандай нарықтың заңдарына сәйкес келмейді, олай болмау керек. Иә, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар, яғни әрбір жетістікке жеткен компания өздерінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саясатын жүргізеді. Сол арқылы өңірге, аймаққа үлесін қосуға тырысады. Ал мәжбүрлеу саясатын жүргізу, “сен табыс таптың, бөліс” деп қысым жасау – нарықтың заңында жоқ дүние. Ақылға қонбайды. Мұны “заңдастырылған рейдерлік” деп айтуға болады”, – дейді Мақсат Халық.

Экономист бұл саясаттың пайдасынан бұрын зияны көп деп санайды.

“Мұндай саясат бизнестің іскерлік белсенділігінің төмендеуіне, экономикалық өсімнің бәсеңдеуіне және сол өңірге тартылып отырған инвестицияның кемуіне алып келеді”, – дейді ол.

“Әкімнің үндеуі аймаққа инвесторларды тартуға көмектеспейді”

Экономист Расул Рысмағамбетов те облыс әкімінің жасаған үндеуін қауіпті деп санайды.

“Меніңше, ол міндеттеген жоқ, бірақ табысын бөлісу керегін айтты. Бірақ облыс әкімінің мұндай үндеу жасауы қауіпті. Өңірде жұмыс істеп жатқан компанияларға әлеуметтік жобалар ұсынуға болады. Әйткенмен әкімдік бірінші өзінен бастау керек. Мысалы, Маңғыстау облысы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясының шығынын есептесін. Бұл мәселе басқа аймақтарда да бар. Алайда Маңғыстау облысында, әсіресе, өзекті. Сол себепті мұндайда “халықпен бөліссін” деп жалпақ тілмен айтқаннан гөрі, стратегиялық жоспар керек. Менің ойымша, бұл үндеу аймаққа инвесторларды тартуға көмектеспейді”, – дейді қаржыгер.



Маманның айтуынша, мұндай саясат өзге елдерде қолданылмайды. 

“Компанияларды табысын бөлісуге шақыру жақсылыққа апармайды. Дұрысы – жақсы стратегиялық жоспар жасап, оған бюджеттен ақша бөлінгенін күтіп, жұмыс істеу. Әкімдік өңірдегі кәсіпкерлікке көмектесуі керек. Шетелде жеке меншік компаниялардан ақша алудың бірден-бір жолы – салық. Бірақ олар “Табысын халықпен бөліссін” дегенді айтпайды”, – дейді экономист. 

Еске салайық, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірде тіркелген мұнай компанияларына әлеуметтік міндеттемелерден бөлек демеушілік көмекке көңіл бөлу керектігін баса айтқан еді. 

Талқылау