Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Хиджаб маған кедергі келтірген емес": 17 жастағы ММА чемпионы спорттағы мансабы, жетістіктері мен көрген қиындықтары жайлы

Орал тумасы Райяна Акдавлетова – бүгінде ережесіз жекпе-жекте топ жарып жүрген қазақстандық ару. 17 жасында чемпион атанып үлгерген ол сайыстарға хиджаб киіп шығып, желіде танымал болды. Спортшы қыз жолындағы кедергілері мен жетістікке қалай жеткенін Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Мектепті биыл ғана бітірген Райяна жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 70,3 кг дәрежесінде алтын иеленген. Бастапқыда өзін-өзін қорғай білуді үйрену мақсатында спортқа бет бұрған бойжеткен енді спортзалдан шыққысы келмейтінін айтады. 

“Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында туып өстім. Жасым 17-де. Спортта жүргеніме 4 жылдай уақыт болды. Ал ережесіз жекпе-жекке келгеніме небәрі жарты жыл болды. ММА спортына ұзақ жолмен келдім. Алдымен таеквондомен айналыстым, содан соң тай боксына көштім. Тіпті кикбоксингті қолға алған кезім болды. Міне, осы спорт түрлерін меңгергеннен кейін ғана ММА-мен айналыса бастадым. Аралас жекпе-жек күреске ұқсағандықтан және қазіргі таңдағы ең танымал спорт түрі болғандықтан таңдадым. Сонымен қатар қазір елімізде ММА дамып жатыр. Осы үш жылдың ішінде біраз жүлдеге ие болдым. Әлем бойынша МАА-дан жасөспірімдер арасында алғаш рет чемпион атандым. Панкратионнан Қазақстан чемпионы және түрлі турнирлердің чемпионымын”, – дейді спортшы. 

Райяна өзі сияқты ата-анасының да намаз оқитын кісілер екенін айтады. Діни тәрбиеде өскен бойжеткен хиджабты кішкентай кезінен бастап киген. Бастапқыда оның ММА-мен айналысып жүргенін жақындары білмеген екен. 

“Спортқа бұрыннан қызығушылығым жоғары болатын. Басында ата-анама мүлдем тіс жармадым. Кейіннен жетістікке жете бастаған соң, біртіндеп айта бастадым. Олар таңдауымды қолдап, үлкен үміт күтетіндерін жеткізді. Ең бастысы, тәуекелшіл болып, өз принциптеріңе қарсы жүру керек. Табандылықтың арқасында осы спортта жүрмін деп ойлаймын. Әрине, әрбір бастаманың өз қиындығы болады. Қыз балаға бұл екі есе ауырға соғатыны белгілі. Қазір қиналып жүрмін деп айтпаймын. Болып жатқан істің бәрі өзіме ұнайды”, – дейді ару. 

Сондай-ақ спортшы қыз хиджаб киіп спортпен айналысуына жұрттың қандай пікір айтатынын, олармен қалай күресіп жүргенін сөз етті. 

“Өтірік айтпай-ақ қояйын, ондай жағдайлар басымнан өтті. Әсіресе, енді ғана ММА-мен айналыса бастағанымда “әйел үйде отыруы керек”, “бұл спорт қыз балаға жараспайды”, “спортта ештеңе бітіре алмайсың” деген сөздер көп айтылды. Хиджаб маған кедергі келтірген емес. Керісінше, маған көп көмегін тигізеді. Жаттығу кезінде шаштарым жан-жаққа шашырамайды. Сондай-ақ түрлі тері ауруларын жұқтыру деңгейі төмен болады. Айтылып жатқан пікірлерге назар аудармаймын. Әр адамның өз ойы бар. Бәрін көңіліме алмауға тырысамын. Әлем чемпионатында хиджаб киюге рұқсат етілмейді деп уайымдаған едім. Алайда барғанымда менің орамалым туралы бір әңгіме де айтылмады. Бір сөзбен айтсақ, киіп жүру маған өте ыңғайлы”, – дейді ару. 

Бойжеткен ешкімнен жеңілмегеніме біраз уақыт болғанын жасырмады. Бастысы, жеңілістен кейін өзіңді жоғалтып алмай, одан да үлкен жеңістерге ұмтылу керек екенін жткізді. 

“Тіпті бұның қандай сезім екенін ұмытып қалыппын. ММА-ға келгеніме екі ай болмастан жатып панкратионнан Қазақстан чемпионатына қатыстым. Сол жерде жеңіске жетіп, бірінші орынды иелендім. Бұдан соң аралас жекпе-жектен Қазақстан чемпионатына қатысып, ол жерде де жеңіс тұғырына көтерілдім. Барлығы қуанып, мені құттықтап жатты. 

Әрине, өмірім жақсы жаққа өзгерді. Жетістікке жету үшін көп нәрседен бас тартуыңа тура келеді. Мәселен, әлем чемпионатына құрама жасақтау кезінде үш жақын адамымның, оның ішінде туған ағаларымның тойына бармай қалдым. Тіпті күн сайын жүйелі жаттығулардың әсерінен, қыдыруға, құрбыларыңмен кездесуге уақыт жетпей жатады. Олар “көп жаттығасың, бізбен бірге жүр, қыдырайық” деген сөздерді жиі айтады. Бірақ достарыма жаттығудың маңызды екенін айтып түсіндіремін. Ойланып қарайтын болсаң, қыдырудан қандай пайда табасың, ал жаттығудан қандай пайда табасың? Екеуі екі бөлек нәрсе. Қазіргі таңда тек спортқа ден қойып жүрмін. Алайда әлі кәсіби түрде айналыспаймын. Екі жылдай әуесқой спортта жүріп, одан соң барып кәсіби ММА-ға өтуді жоспарлап жүрмін”, – дейді Райяна. 

Райяна спортшы бола тұра өзінің қызға тән нәзіктігін сақтап қалуға тырысатынын жеткізді. Оның айтуынша, бәрі адамның өзіне байланысты. Әрдайым шынайы қалыпта қалуға тырысу керек. 

“Мен үшін образдарымды ауыстыру сөз емес. Спорттан тыс уақытта мен де барлық қыздар сияқты көйлек киіп, нәзік бола аламын. Қыз баласы әрдайым әдемі болып қалуы керек. Басты ерекшелігіміз де сол. Көптеген ата-ана қыздарын спорттың ауыр түріне бергісі келмейді. Қыздарында ер баланың мінезі қалыптасып, дене пішіні өзгеріп кетеді деп ойлайды. Мен де бұрын ер балалар сияқты жүріп, өзімді солай ұстайтынмын, кейін бұл ісімнің қате екенін түсіндім. Оның үстіне орамалда жүргендіктен, оның жауапкершілігін көтеріп, соған лайық әрекет істеуге шешім қабылдадым”, – дейді ол. 

Бұдан басқа, спортшы өз-өзіне сенімділігін жоғалтып алғанда не істейтінін айтып берді.

“Иә, ондай уақыттар болады. Кейде жаттығу кезінде кейбір тәсілдерді істей алмай жатсам, көңіл күйім бұзылып кетеді. Қыз бала болғандықтан көңілшек болатынымыз белгілі. Бұндай жағдайда барлығын ой елегінен өткізіп, қиналған сәттерімді, ұзақ жол жүріп қойғанымды есіме түсіремін. Берілмей, істі соңына дейін жеткізу керектігін ойланамын. Іштей өз-өзіммен күрес болып жатқанын сеземін. “Жоқ Райяна, бұл саған керек емес” деген жағыммен күресіп жатқандай боламын. Маған әлі де үлкен сайыстарда жеңіске жетіп, өзімнің қандай екенімді дәлелдеу керек деген ой мотивация береді. Ата-анамның қолдауы, солардың үмітін ақтау ойы алға жетелей түседі”, – дейді Райяна. 

 

Сонымен қатар Райяна келешекте талай шыңдарды бағындырғысы келетінін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. 

“Алға қойған жоспар көп. Бәрін ашық айта бергім келмейді. Әрине, мақсат – алдағы жарыстарда жеңіске жету. Қазақстанның ММА-дан жастар құрамасына өтіп, әлем чемпионаттарын бағындыруды көздеймін. ММА-ға жаңадан қосылғандарға үлкен төзімділік керек екенін айтқым келеді. Әр істің өз уақыты бар. Жеңілмеңіздер. Соңына дейін күресіңіздер. Маған ешкім сенбеген, бірақ мен соңына дейін күресіп өзімді дәлелдедім. Сондықтан, ең бастысы – өз-өздеріңізге сенімдеріңізді жоғалтпаңыздар. Сондай-ақ денсаулықты ұмытпай, күтіну керек”, – дейді ару. 

Талқылау