Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Miss Qazaqstan 2025" байқауында шымкенттік ару жеңімпаз атанды

Алина Ри Miss QazaqstanФото: Делия Айдаралиева

Алматыда Қазақстанның ең сұлу аруы анықталды. Биыл тәж үшін 20 қатысушы бақ сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Гранд-финал қаланың мейрамханаларының бірінде өтіп, бірнеше кезеңнен тұрды. Miss Qazaqstan қатысушыларыФото: Делия Айдаралиева

22 жастағы шымкенттік Алина Ри “Miss Qazaqstan 2025” атағын иеленді. Ол Қазақстанды халықаралық аренада таныстыру құқығына ие болды.

Алина Ри шығармашылық ортада өсіп, үш жасынан би үйірмесіне қатысқан. Осы уақыт ішінде ондаған сахнада өнер көрсетіп, мықты сахналық образ қалыптастырды. 14 жасында ол алғаш рет модельдік ұсыныстар алып, кейін Guess және Constella сияқты танымал брендтердің көрсетілімдері мен жарнамалық жобаларында жұмыс істеген. Сондай-ақ оның заң саласындағы білімі бар.

Ұйымдастырушылар байқаудың өзге де жеңімпаздарын жариялады:

 – Miss People’s Choice — Алина Нурахметова
 – Miss Adalin Clinic — Аида Жанкылыш
 – Miss Dress Angel — Лаура Актаева
 – Вице-мисс Қазақстан және Miss Marie Claire — Дильназ Сарсенбай
 – Miss Sun Group — Диана Санат
 – Екінші вице-мисс Қазақстан — Камила Даулетова
 – Miss Earth Kazakhstan — Шадияра Байкенова
 – Miss Grand Kazakhstan — Анель Емел

Miss Qazaqstan қатысушыларыыФото: Делия Айдаралиева

Жаңа мисс халықаралық сұлулық додаларында елдің атынан шығып, Қазақстанның намысын қорғайды.

Айта кетейік, бұған дейін мексикалық Фатима Бош “Әлем аруы - 2025" атанғаны хабарланған еді. “Miss Universe” сұлулық байқауының биылғы маусымында үлкен дау шығып, көрермендердің жадында ерекше сақталды. Бангкоктағы қатысушылар орналасқан қонақүйде жоғары лауазымды ұйымдастырушы “Мисс Мексика” атағын иеленген бойжеткенді көпшілік алдында қорлаған. Осы оқиғадан кейін өзге қатысушылар наразылық білдіріп, залдан шығып кеткен.

Еске салайық, “Miss Universe – 2025” сұлулық байқауына Қазақстан атынан Дана Алмасова қатысты. Байқау барысында қазақстандықтар Данаға ерекше қолдау білдіріп, дауыс беру арқылы бірнеше номинацияның алғашқы бестігіне ілігуіне атсалысты.

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 04 Желтоқсан, 2025 23:34