Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мықты көмегі тиді": 42500 теңгені алған Бағлан Әбдірайымов үкіметке алғысын айтты

Қазақстандағы карантин режимінің шектеулері отандық шоу-бизнес өкілдеріне де оңай тиіп жатқан жоқ. Өйткені, тойға тыйым салынды, концерт өткізуге рұқсат жоқ. Бұрындары тек сахна мен салтанатты кештерде ғана көрінетін әртістердің басым бөлігі мемлекет тарапынан төленетін 42500 теңгеге өтініш білдірген, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Қазақ эстрадасындағы "Жігіттер" тобының карантиннен кейін өмірі күрт өзгерген. Кезінде әр күні тығыз кестеге түзілген аталмыш төрттіктің жұмысы қазір тоқтап тұрса да, есесіне 42 500 теңге кәдесіне жараған.  

"Тек өнер адамдары емес, шағын кәсіпкерлер, үлкен кәсіпкерлер болсын барлығының жұмыс тоқтап, қазір "әбіржу процесі" болып жатыр ғой. Сондықтан алдағы карантинде маған екі рет 42 500 теңге түскен. Енді шыны керек, кәдімгідей кәдеге жарап, азық-түлік алуға мықты көмегі тиді. Ол туралы рахмет айтқым келеді", - дейді Бағлан Әбдірайымов. 

Таяуда Аружан Саин 42 500 теңгені отбасындағы балалар санына қарай беруді ұсынған еді. Бұл бастаманы әншілер қауымы да қолдағанымен, олардың көңілінде күдік көп. 

"Отбасындағы әр балаға 42 500 теңгеге берілсін деген талап орынды. Бірақ әр балаға шағып 42 500 теңгеден беру біздің үкіметтің қолынан келмейді деп ойлаймын", - дейді "Жігіттер" тобындағы Бағлан. 

байлин

"Негізі бала санына беріп жататын болса жақсы ғой. Тіпті керемет қой. Үкіметтің халыққа деген таза көмегі болатын еді. Бірақ оны бере алмайды-ау. Себебі оған қанша миллиард ақша бөліну керек. Қазір бізде той мүлде жоқ, сол басым көпшілігі 42 500 теңгеге қарап отырмыз ғой. Өтініш білдірдім, өткен айларда да екі рет 42 500 теңгеден алдым", - дейді "Алашұлы" тобының экс-әншісі Әзімбек Байлин.

Елімізде карантин ережелері енгізілгелі әнші әрі актер Дидар Кәденнің де жағдайы мәз емес. ҚР еңбек сіңірген әртісі Лидия Кәденованың ұлы да жұмыссыз қалған тұрғындарға тағайындалған 42 500 теңгеге өтініш білдіріп, азын-аулақ ақшаны қажетіне жаратқанын айтады.   

дидар

"Мен 42 500 теңгеге наурыз айында өтініш бердім. Маған бір рет қана түсті. Одан кейін мен ары қарай жіберген де жоқпын, маған қайта екінші рет, үшінші рет түскен де жоқ. Қазіргі таңда әркім барынша білімімен, жиған тәжірибесінің арқасында еңбектеніп жатыр. Осы қиын-қыстау сәтте сол білімінің, алған мамандығының арқасында өз бала-шағасының нәпақасын тауып отырған шығар. Бұл әлемді жаулаған мәселе ғой. Үлкен миллионер ағаларымыздың өзі қиналуда. Сондықтан бұл тек әртістерге қатысты емес, барлығы қиналуда", - дейді әнші Дидар Кәден. 

Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік еңбек инспекторы, Нұр-Сұлтан қалалық қоршаған ортаны бақылау және сапаны бақылау басқармасы еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің бастығы Ерлан Бердалин жұмыс істеп жүріп 42 500 теңгеге жалған өтініш білдірген жандардың жазаланатыны туралы айтқан еді. 
 

Талқылау