Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Меруерт Түсіпбаева: Енем Шымкенттегі үйден қуып шыққанда, түк болмағандай подъезде күттім

Меруерт Түсіпбаева ене мен келін қарым-қатынасы туралы сөз қозғады. Әнші өз анасының әжесіне көрсеткен қызметін еске алды. Өзі тұрмыс құрғанда, анасының жолымен жүруге тырысқанын жеткізді, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Балалық шағын еске алған әнші анасы мен әжесінің қарым-қатынасын көпке үлгі етті. 

"Біз әжем марқұмды "мама" деп, бізді тоғыз ай, тоғыз күн көтерген анамызды "тәте" деп өстік. Мамам (әжем) қайтыс болғанда, мен шамамен алты жаста едім. Енесі қайтыс болғанда, анамның (тәтемнің) ішінде 8 айлық бала бар болса да, төсек тартып жатқан әжемді күтіп, бағып, аялап шығарып салды. Аяғым ауыр, шаршадым, шалдықтым деу ойында да жоқ еді. Әжеміз дүниеден озғанда, өз шешемнің қатты қайғырғаны есімде. 

Марқұм әжем, иманды болсын, өмірде қиындықты көп көрген, шайпау мінезді адам болатын. Бірақ келіні ол кісінің барлық еркелігін көтеріп, алдынан кеспей, сыйлап өтті. Қазіргі жастар бойына бір айлық бала бітсе, ауруды күтпек түгілі, өз жанымен қайғы емес пе?!" – деп бөлісті әнші.

Түсіпбаева анасынан көргенін кейін өз отбасында қайталауға тырысқан. Енесінен қорлық көрсе де, ол кісінің бетіне келмегенін айтады. 

"Өз басым есейе келе анамнан үлгі алып, өз енеме "сен" демеген адаммын (сенбесеңіздер, сұраңыздар). "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" дегендей, бала кезімнен сол қағидамен өмір сүрдім. Енем Шымкенттегі үйден қуып шыққанда, түк болмағандай (ол кезде танымал болсам да) подъезде, ол ашуы басылып, есікті ашқанша күткенім әлі есімде. Мақтанып айта аламын. Мен осы күнге дейін әкеме, анама, енеме қарсы шығып, сен демегенмін.



Ал қазіргі балалар қандай?! Өз құқығын білетін, көбінесе шағымдары көп, басынан сөз асырмайтын. Жасырмаймын, мен кейде өз балама: "Осы мені сен тудың ба, әлде мен сені тудым ба?" – деуге мәжбүрмін. Біздің қарым-қатынасымыз жібектей нәзік дей алмаймын", – деп жан сырын ақтарды Түсіпбаева.

Әнші жалғыз ұлын қиындықпен босанғанын атап өтті. Айтуынша, ол кезде ауырсынуды жеңілдететін қазіргідей анестезия жоқ. Баланы жалпы наркоздың күшімен дүниеге әкелуге тура келген. 

"Мен ұзақ уақыттық токсикоздан кейін жүдеп кеткен, салмағым 42 келі болып 7 күннен кейін тойда ән салдым. Тұрып жатқан үйім кредитте және екі бауырымның ақылы оқуын төлеу керек болғандықтан. Жағдай сондай еді! "Бала өзі болғандай, келін өзі келгендей" деген ғұлама бабам. Біздің көргеніміз жайлы біздің балалар не біледі дейсіздер?
Олардың бізге қаншалықты қымбат екенін білер ме екен? "Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада" деп бекер айтпаған-ау", – деп күрсінді әнші.

Талқылау