Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлерге шағым көп - Смайылов

Мемлекет тұрғын үй құрылысына үлкен қаржы бөліп отыр. Соған қарамастан, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлердің сапасына шағым көп. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен төмен. Негізгі проблема – қажетті инфрақұрылымның болмауы. Мысалы, елордада инфрақұрылым мен энергоресурстардың жетпеуінен алдағы жылдары жаңа тұрғын үй салу көлемі біршама төмен жоспарланған. Мемлекет басшысы Астананы дамыту жөніндегі кеңесте атап көрсеткендей, мұндай проблемаларды шешу үшін инженерлік инфрақұрылымды жүйелі жоспарлау және кешенді түрде дамыту қажет”, - деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған үйлердің сапасын сынға алды. 

“Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлердің мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Мемлекет тұрғын үй құрылысына үлкен қаржы бөліп отыр. Соған қарамастан, оның сапасына қатысты шағым өте көп. Аулалардың фотоларын көріңіздер. Мұндай үйлердің қай өңірде салынғанын айтпай-ақ қояйын. Бірақ, барлық жерде осындай көрініс. Балалардың ойын алаңына қараңыздар. Жолдардың жағдайы қандай? Бұл қалыпты нормаға айналған ба? Әкімдер бюджет қаржысына салынған үйлерге ревизия жасап, барлық кемшіліктерді жоюы керек. Бұл жұмыстар шұғыл түрде жасалуы тиіс. Құрылыстың сапасын қатаң бақылауға алу қажет”, - деп ескертті премьер-министр.

Оның сөзінше, бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында  шұғыл әрі сапалы шешуді қажет ететін мәселе көп. 

“Жауапты мемлекеттік органдардың жұмысында да халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуде кемшіліктер бар. Кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының сапасыз жоспарлануын да бөлек алып қарауға болады. Салынып біткен тұрғын үйлерін ала алмай жүрген азаматтардан шағымдар көптеп түсуде. Себебі, Отбасы банкінде жеңілдікпен несие беруге қажетті қаражат жоқ. Жұмысқа бұлай салғырт қарауға болмайды”, - деді Әлихан Смайылов үкімет отырысында.

Премьер-министр аталған мәселелерді шешу бойынша үкіметке бірқатар тапсырма берді. 

“Индустрия министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, кезекте тұрғандарға жалдау ақысын субсидиялау жөніндегі шаралардың тиімділігіне қосымша талдау жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізсін. Индустрия министрлігі мен "Бәйтерек" холдингі кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету кезінде мемлекеттік қолдаудың барлық бағыттарын уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз етсін”, - деді үкімет басшысы. 

Сондай-ақ, Әлихан Смайылов құрылыс маусымын уақытылы бастау үшін өңір әкімдері тиісті жер учаскелерін алдын ала бөлуді, жобалық құжаттаманы әзірлеуді және қажетті инфрақұрылымды жүргізуді тапсырды. 

Бақытнұр Шерикбай
Сейсенбі, 07 Ақпан, 2023 11:31
Талқылау