Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мас жүргізуші бір топ оқушыны қағып кетті: Куәгерлер Алматы облысында болған апат туралы айтып берді

Еңбекшіқазақ ауданында мас көлік жүргізушінің кесірінен зардап шеккен оқушы қыздардың жағдайы өте ауыр. Олар қазір комада жатыр. Дәрігерлер балалардың өмірін сақтап қалуға бар жағдайды жасауда. Ал жеткіншектердің ата-аналарына тиісті барлық көмек көрсетілмек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Оқиға 3 наурыз күні Қорам ауылында кешкі сағат 18.00 шамасында орын алған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, мас көлік жүргізушісі мектептен қайтқан оқушыларды қағып кеткен. Қатты соққының салдарынан қыздар жан-жаққа ұшып кеткен. Ал көлік әрі қарай  бірнеше метр жерде тұрған жол белгісіне барып бір-ақ тоқтаған.

"Біз бірден далаға жүгіріп шықтық. Аяғы сынған қыз айғайлап көмек сұрап тұрды. Сәл әрірек екі қыз жерде жатты. Көршілерге айтып жедел жәрдем шақырттық", – деді куәгер Александра Григориади.

8-9 жастағы жеткіншектерге жедел алғашқы медициналық көмек көрсетіліп ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер қазір қыздардың екеуі жасанды желдендіру аппаратына қосылғанын айтады. Ал біреуінің денсаулығы тұрақты болғандықтан, облыстық көпсалалы аймақтық балалар ауруханасына ауыстырылыпты.

"Ауыр бас ми жарақаты, бас миының жаншылуы, кеуде торының жарақаты, іштің дөрекі жарақаты және екі санының жабық сынығы. Травматикалық шокпен жеткізілді. Қазір толыққанды емін алып жатыр. Бірақ динамикалық жағдайы әлі ауыр", – деді Шелек ауылындағы аудандық ауруханасы жансақтау бөлімінің бөлім меңгерушісі Серікбек Нұрланбек.



Айта кетсек, бұл жағдайды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз бақылауына алатынын мәлімдеді. Осы орайда бүгін облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімі балалардың жағдайын көріп, олардың ата-анасымен кездесті.

"Бүгін өздеріңіз көріп отырсыздар, облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімі өзі келіп, дәрігерлермен, туыстарымен сөйлесіп мемлекет тарапынан заң аясында қандай көмектер керек барлық, көмек көрсетілетін болады. Тасымалдауға жағдайлары жарайтын болса, Алматы қаласына жіберуді жоспарлап отырмыз. Ал бүгінде балалар қалыпқа келгенше осы емханада болады", – деді  Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев.

Ал ауыл халқы көлік тізгінінде болған 54 жастағы азаматтың ішімдікке әуестігі жоғын әрі ол ауылдағы белсенді тұрғындардың бірі екенін айтады. Мұндай жағдайдың орын алғаны тұрғындардың қабырғасын қайыстырған сыңайлы. Бар үмітті орамалға түйіп, балалардың амандағын тілеп отыр.

"Белді, жақсы жігіт ол. Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ. Байқамай ішкен шығар енді ол. Кінәсін мойындайды. Ауылға барлық көмекті беріп жүреді. Кеше анасы барып, алдарынан өтті. Жазым ғой енді, аман-есен болып жазылып кетсе болды", – деді Қорам ауылының тұрғыны Мәди Өтемісов.

Қазір күдікті ұсталып, қамауға алынған. Қылмыстық кодекстің 345-бабы, яғни мас күйінде көлік айдап жол ережесін бұзу арқылы денсаулыққа зақым келтіру бабы бойынша тергеу жұмыстары басталып, сараптама тағайындалған.

 

Талқылау