Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құлыбаевтан басқа инвестор табылмады ма": Депутат Базарбек министр Шаққалиевке шүйлікті

Жемқорлық туралы бірде-бір рет айтылмады. Осылай деген мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек төменгі палатада үкіметтік сағат өткізген сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке шүйлікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутат Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы логистикалық хабты салуға олигарх Тимур Құлыбаевқа рұқсат берілгеніне наразы екенін жеткізді. 

"Мен жаңа қойылған сұрақтар мен министріміздің жауабын тыңдап саралап отырмын. Министр Арман Шаққалиевтің сөзінде жемқорлық туралы бірде-бір рет айтылмады. Ал сауда саясатында олигополия туралы министр бір-ақ рет айтты", –деді Базарбек.

Депутат Базарбек Қазақстан мен Қырғызстан арасында тауар айналымының көлемін көбейту үшін Қарасу және Ақтілек өткізу пунктерінде индустриялық сауда-логистикалық кешендерін құру жоспарланғанын мысалға келтірді. Оның айналымы – 2 миллиард АҚШ доллары. Индустриялық-логистикалық кешендерді орналастыру үшін жерді де беріп жібергенін мәлімдеді. 

"Оны суретін қарасаңыздар, 3,6 шаршы шақырым аумақты алады. Бірақ менің қолымда бір ақпарат бар: ол жобаны іске асыратын  "Джон Технолоджис" ЖШС. Ал соның құрылтайшысы – Кипрос ЖШС. Ал оның құрылтайшысы – Тимур Құлыбаев. Ең қызығы, Жер кодексінің 23-бабының 1.1-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік шекара белдеулерінде жерлерді жекеменшікке және жер пайдалануға құқығына беруге тыйым салынған. Тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер беріледі. Ал бұл мемлекеттік-логистикалық хаб шекара белдеуі екеніне күмән жоқ", – деді депутат.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, шекара белдеулерін белгілеу туралы №356 – 2014 жылғы 16 сәуірдегі үкімет қаулысына сәйкес, Қырғызстанмен шекара белдеуінің ені 100 метр болуы керек. Ал логистикалық хабтың шекарамен арақашықтығы – 5-10 метр. Үкімет келісімшарты әлі ратифицияланбағанын жеткізді.

"Ратификацияланса, Қазақстанның заңнамасының мұндай жағдайда басым құқығы бар. Бірақ ең түсінбейтін нәрсем – қалай сауда министрлігі жер кодексінің 23 бабын бұза отырып, шекара белдеулерінде үлкен логистикалық хабты орналастырып отыр. Екіншіден, министр мырза, олигополияның алдын алу үшін логистикалық хабты шекара маңында орналастырып жатырмыз дейміз. Бірақ соны олигархтардың біреуіне беріп жатырсыз. Сонда Құлыбаевтан басқа инвестор табылмады ма? Жаңа Қазақстан дейміз. Активтерді қайтару туралы заң жобасын қабылдадық. Ал мына тірлікпен үлкен логистикалық хабты шекара белдеуінде орналастырамыз. Сондықтан, сауда саясатын көтерген кезде жемқорлық пен олигополиядан бастау керек", - деді депутат.

Талқылау