"Күдіктілердің көпшілігі танымал спортшылар": Атырауда 23 жастағы фельдшердің өліміне қатысты тың деректер жарияланды
Фото: azh.kz
Атырауда кісі қолынан қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Азамат Асылбекұлын туыстары жер қойнына тапсырды. Фельдшердің өлімі қоғамда кеңінен талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұмның туған-туыстары мен әріптестері оны мейірімді әрі жауапты жан ретінде еске алды. Жақындарының айтуынша, марқұмның артында жүкті жұбайы мен әжесі қалды. Белгілі болғандай, марқұм сәуір айында шаңырақ көтерген. Марқұм тойға қажет қаражатты өзі тапқан екен.
Басылымның мәліметінше, жас жігіттің өмірін қиған төбелеске қатысқандардың басым бөлігі халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған танымал спортшылар екен. Төбелеске қатысқандардың саны отызға жуық, жастары 23 пен 25 аралығында. Сондай-ақ төбелес болған түні бір емес, бірнеше рет оқ атылған. Табылған гильзаларға қарағанда, онға жуық оқ атылған.
Басылымға ақпарат берген дереккөздің мәліметінше, қаза таппас бұрын жас жігіт аяусыз соққыға жығылған көрінеді. Ал атылған оқ жақын қашықтықтан атылып, тура жүрегіне тиген. Сарапшылардың пікірінше, қару қолданған адам оны өте жақсы меңгерген болуы мүмкін. Алдын ала мәліметтер бойынша, қару ресми түрде тіркелмеген.
"Төбелеске қатысқандардың көпшілігі бұрыннан тергеушілердің бақылауында болған", – дейді дереккөз.
Оның айтуынша, олардың үстінен шағын "құқық бұзушылықтар" тіркелген, бірақ әкімшілік не қылмыстық іс ешқашан қозғалмаған.
Сондай-ақ төбелеске қатысқандардың барлығы қамауға алынбаған.
"Полиция қызметкерлері жұмыс істемейді деп айта алмаймыз. Жұмыс істейді. Бірақ барлық күдіктілер қамауға алынбағаны белгілі бір күмән тудырады", – дейді дереккөз.
Белгілі болғандай, бір күдікті шынымен де полиция қызметкерімен туыстық қатынаста, дегенмен ол жетекші лауазымда жұмыс істемейді екен.
Еске салсақ, бұған дейін Атырауда тойдағы төбелес кезінде 23 жастағы жігіт атып өлтірілгені туралы жазған едік.

"Денсаулық сақтау министрлігі айыппұл салады екен": Қоғам белсендісі өз емханасынан ақылы түрде де ем ала алмай жүргеніне шағымданды
