Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев "Nur Otan" партиясының төрағасы лауазымын өткізіп беруді ұйғарды: Саясаттанушылар бұл жағдай қандай өзгерістерге алып келетінін айтты

23 қараша күні Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Nur Otan” партиясы төрағасы өкілеттігін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдағанын жариялады. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жазып, тұңғыш президенттің партияны ел президенті басқаруын керек деп санайтынын жеткізген. Stan.kz тілшісі осы саяси өзгеріс жөнінде саясаттанушылардың пікірін білді.

Назарбаев пен Тоқаев

Белгілі саясаттанушы Дос Көшім бұл саяси шешімнен ешқандай жаңашылдық күтудің қажеті жоқ екенін айтады.

"Қосылғыштардың орны өзгергенімен қосындының мәні өзгермейді демекші, бұл ешқандай өзгеріс емес. Мақсат-мүдделері мен бағыттары бір адамдардың бірінің орнына бірі отыруы ешқандай жаңашылдық алып келмейді. Мүмкін алғашқы президент иығындағы артық жүктен құтылғысы келген шығар", - дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, саяси өзгеріс бір адамның алмасуымен ғана іске аспайды.

"Негізгі өзгеріс қай уақытта болады? Билік басына келген адам өзінің командасымен, яғни тобымен келіп, ескі топты ығыстырса, жаңашылдық орын алады. Мысалы, Италияда жыл сайын үкімет ауысады. Сол уақытта бұрынғы үкімет толығымен кетеді де, олардың орнын жаңа жеңіске жеткен топ басады. Ал бізде мүлдем олай емес қой. Кеше ғана президент ауысқан кезде бірнерсе өзгерді ме? Сондықтан бір ғана адамның бүкіл жүйені өзгертіп жіберуін күткеніміз дұрыс емес. Меніңше, бұл ешқандай жаңалық емес, жай ғана орын алмасу", – деп түсіндірді Дос Көшім.

Саясаттанушы Расул Жұмалы әлі де болса әліптің артын бағып, тағы қандай өзгерістер болатынын күту қажет деп санайды. Оның айтуынша, Назарбаевтың бұл шешімі – көптен күткен хабарлардың бірі.

"Мен мұны өзім дұрыс шешім деп қабылдаймын. Бізде осыдан екі жыл бұрын билік транзиті басталған болатын. Негізі бұл билікті бір адамнан екінші адамның қолына түбегейлі тапсыру тез біте салатын шаруа емес. Бұл жерде көптеген мәселелер мен шешімдер қабылдау керек болады. Тұңғыш президенттің “Nur Otan” партиясының өкілеттігін Тоқаевқа тапсыру – осы биліктің көшуінің жоспарлы түрде жүзеге асып жатқанының көрінісі", - дейді Расул Жұмалы.



Ол сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев мұндай шешімді қабылдағанымен, оның биліктен алыстауы екіталай екенін айтады.

"Назарбаев елдегі бүкіл билікті Тоқаевтың қолына табыстап, биліктен қол үзеді деп те топшылай алмаймыз. Мүмкін, бұған дейін ол қазіргі президент әбден аяғынан тіктеп тұрып алғанша көмек қолын созамын деп жарты билікті ұстап отырған шығар. Ал енді уақыты келді. Осылайша билікті кезең-кезеңімен табыстап жатыр", - дейді сарапшы.

Саясаттанушы сөзінің соңында алдағы сценарий қалай болатыны жөнінде тоқталып өтті.

"Мен енді жорамалдамай-ақ қояйын. Біздің еліміздегі конституциялық билікке сәйкес, қазір айтылып жүрген қос билік деген сөз болмауы қажет. Бұл бұрын да болған, бұдан кейін де болатын шығар, ол белгісіз. Бірақ негізгі мәселе өзгерістердің болуында және жүзеге асуында, осы орайда басты құндылық тәуелсіздік, бостандық секілді ұғымдарға зиян келтірмеу", - деп түйіндеді Расул Жұмалы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатқаннан кейін “Nur Otan” партиясының төрағасы лауазымында қалған еді. Ол “Nur Otan” партиясына 22 жыл жетекшілік етті.

Еске салсақ, бұған дейін ҚР тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Nur Otan” партиясы төрағасы өкілеттігін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдағаны жайлы айтылған еді. 

Талқылау