Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәжіліске шикі заңдарды әкеледі": Қошанов үкімет жұмысын сынға алды

Парламенттің VIII шақырылымындағы қос палата депутаттарының жұмысын қорытындылаған мәжіліс басшысы Ерлан Қошанов үкіметтен мәжіліске шикі заң жобалары келіп түсетінін сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ortcom.kz

Қорытынды сөзінде Қошанов мемлекет басшысының парламент жұмысына оң баға бергенін, осы шақырылымда әр сала мен әртүрлі әлеуметтік статусы бар депутаттарды қамтығанын атап өтті. Сондай-ақ ол парламентке шикі заң жобасы түсетінін айтты.

"Сенат пен мәжіліс депутаттары үкіметке және басқа да мемлекеттік органдарға 727 депутаттық сауал жолдады. Екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды, оның 102-сі қабылданды. Заң жобаларын дайындаудағы кемшіліктер жыл сайын қайталанады. Нормалар жеткілікті түрде өңделмеген, сапасы төмен. Бұны жыл сайын айтамыз. Атап айтқанда: Су кодексінің және Құрылыс кодексінің жобасы. Бұл туралы тек депутаттар ғана емес, сарапшылар да айтады. Заң жобасы өте "шикі" түрде ұсынылады. Депутаттар оны пысықтап, қайта жазуға мәжбүр", – деді Ерлан Қошанов. 

Сонымен бірге ол үкімет спикерлерінің дайындығына да көңілі толмаған жайттар кездескенін, депутаттардың олардың жауаптарына қанағаттанбайтынын, бұрын айтқан нәрселер қайтадан қайталанатынын, депутаттық сауалдарға  үстірт жауап берілетіні, нақтылығы жоғын да айтты.

Бүгін мәжіліс пен сенаттың депутаттары кезекті парламенттік сессияның жұмысын аяқтап, 2 айлық демалысқа кеткен еді. Олар 1 қыркүйекке дейін депутаттық демалыста болады. 

Талқылау