Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қош бол, мама, бұл жолы мәңгілікке": Анасымен қоштасқан Еркебұлан Мырзабек елді жылатты

Қазақстандық актер, әзілкеш Еркебұлан Мырзабек анасымен қоштасты. Актердің анасы біршама уақыт бұрын коронавирустан көз жұмды. Еркебұлан мырза желіде мұңды жазба жариялап, елді жылатты. 

"Қош бол, мама, бұл жолы мәңгілікке. Ыстық тамағыңызды іше алмадым. Ыстық құшағыңызға бөлене алмадым. Тым болмаса, жүзіңізді де көріп үлгермедім. Сізге еркелеп жүріп уәделерімді де орындамадым. Осы уақытқа дейін шенді-беделді, осы бағады дейтіндей адам да бола алмадым. Мүмкін сондай бір тұлға болғанда шетелге апарып емдетіп, қазір сіздің күлкіңізге қарап отырар ма едік. Керісінше сізбен жарысып, төсекке жатып алдым. Үмітіңізді ақтамадым. Сіз қалағандай бала бола алмадым. Кешірші мама. Әке, сіз де кешіріңізші. Анамды сізге қарай шығарып салдық", - деді Еркебұлан Мырзабек 

Актердің анасы коронавирустың бірінші толқыны кезінде өмірден өтті. Ол кезде актердің өзі де ауырып, анасымен қоштасып үлгермеген екен. 

"Анамды ауруханаға әрең жатқыздық. Адам көп. Аурухананың дәлізінде жатты. Күнделікті адам мәйіті шығып жатты. Дәрігерлер қалай емдеу керек екенін білмеді. Дәрі тапшы. Алматыдан әрең алдырдық. Ол кезде Түркістанда едік. Солай жүгіріп жүрдік. Анамның жағдайы аздап түзеле бастады. Тамақ іше бастады. Сол кезде мен өзімді тастап жібердім. Өзім де әлсіреп, ауырып қалдым. Коронавирус жұқтырыппын. Анам жатқан ауруханада емес, басқа ауруханада жаттым. Сол кезде анам қайтыс болды. Оны маған айтқан жоқ. Кейін естігенде, есімнен тандым. Мүлде есімді білмеймін. Бір өліп тірілдім. Мені жансақтау бөліміне апарып, аппаратқа қосып аман алып қалыпты. Анамның өліміне өзімді кінәладым. Үкіметті кінәладым. Егер ақшам көп болғанда шетелге апарып емдетер ме едім. Үкімет дер кезінде шекараны жапқанда, ауруды таратпағанда бұлай болмас па еді?", - деді Мырзабек Тимур Балымбетовке берген сұхбатында

Еркебұлан Мырзабек халықтан кешірім сұрамаған билікке өкпелі. 

"Дер кезінде дұрыс әрекет етпеді. Шетелден дәрігерлерді алдыртпады. Халыққа жағдай жасалмады. Қанша адам өлді. Қазір оның бәрі ұмытылып кетті. Бірақ халықтан кешірім сұраған жоқ. Соған қатты ренжідім", - деді актер. 

Желідегі оқырмандары актерге көңіл айтып, сабырлық тіледі.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр