Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавирус жұқтырып, комаға түскен әйел 7 аптадан кейін қыз босанғанын білді

Англияның Фарнворт қаласында тұратын Лора Уорд коронавирус жұқтырып, комаға түсіп қалды. 7 аптадан кейін оянған әйел осы уақыт ішінде қыз туғанын білді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Metro-ға сілтеме жасап.

Фото: metro.co.uk

33 жастағы жүкті келіншек Лора Уорд алғашқыда аздап жөтеле бастаған. Жағдайы жақсармаған соң, ол ПТР тапсырып, коронавирус жұқтырғанын білген. Дәрігерлер оған оқшаулануға кеңес беріпті. Бірақ көп ұзамай әйелдің тыныс алуы қиындап, ақырында ауруханаға түскен. 

Аяғы ауыр кезінде әйелдің қант диабетінен өзге дерті болмапты. Коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған, себебі алғашқыда жүктілерге кеңес берілмеген. 

Әйелдің жағдайы екі апта бойы нашарлай берген. Дәрігерлер іштегі баланы тексеру кезінде әйелдің уақытынан бұрын босануы мүмкін екенін ескерткен. Әйелдің есінде қалғаны – коронавирус палатасына жатқызып, ерте босануға келісім бергені ғана. Бұдан кейін ол есін жоғалтып, комаға түскен. 



Дәрігерлер сәбидің әкесі Джон Лисқа хабар бергенімен, карантинге байланысты оны ауруханаға кіргізбеген. Осы уақыт ішінде ол комада жатқан сүйіктісін тек бейне-қоңырау арқылы көріп келген.

Араға жеті апта салып, Уорд оянды. Көзін ашқанда, сәбиін көрген және дәрігерлер оны қызды болуымен құттықтаған. 

Әйелдің жағдайы ауыр болғандықтан, дәрігерлер жүктіліктің 31-ші аптасында оған кесарь тілігін жасаған. Уақытынан екі ай бұрын туған қыздың салмағы - 1,6 келі. Қазір сәбидің жағдайы жақсы, салмақ жинауда. 

Ал анасына келсек, жағдайы қиындау. Науқасқа трахеостомия жасалып, нәрлі түтікшелер қосқан. Ол жүруді басынан үйренуге мәжбүр болды. Қазір ол интенсивті терапиядан өтіп жатыр.

Талқылау