"Көкөніс пен жеміс теремін": Англияда егістіктерде жұмыс істейтін қазақстандық қанша табыс табатынын айтты
Қазақстандықтар жұмыс істеп, қомақты қаржы табу үшін Еуропаға жиі бара бастады. Ондағы ең танымал ел – Ұлыбритания. Ол елде қазақ азаматтары фермалар мен егістіктерде жұмыс істеп, көкөніс пен жеміс тереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Otyrar.kz
23 жастағы Хасан Марипов өткен жылы Англияда екі ай алма теріп келген. Жігіт ай сайын 800 мың теңге алыпты. Оның айтуынша, Қазақстанда мұндай табыс табу қиын.
"Қазақстанда ай сайын миллион теңгеден астам табыс табу үшін не істеуге болатынын білмеймін. Табуға болатын шығар мүмкін, бірақ ол үшін бірнеше жұмыс істеу қажет. Жалпы, біздің шаруашылықта 50-ге жуық адам еңбек етті, оның 15-і қазақстандық", – деді Хасан Марипов.
Егістікте жұмыс істеу оңай емес. Ерте тұрып, кешке дейін жұмыс істеуге тура келеді. Жұмыс күні 10-12 сағатқа созылуы мүмкін. Бірақ жыл өткен сайын Англияға жұмыс істеуге барғысы келетіндер саны көбейіп келеді.
Ұлыбритания елшілігінің ресми статистикасы бойынша, 2019 жылы ол елге виза алуға 4 қазақстандық өтініш білдірген. 2020 жылы 11 өтініш болса, 2021 жылы – 402. Өткен жылы өтініш берушілер саны күрт өсіп, 3 мыңға жуықтаған. Ал биыл бір жылға жетпей 4 мың адам Ұлыбританияға баруға өтініш білдірген. Сарапшылардың сөзінше, шетелде жұмыс істейтіндер қатарында қарапайым жұмысшылар ғана емес, дәрігерлер, инженерлер мен IT мамандары да бар екен.
"Дәрігерлер, инженерлер кетіп жатыр. Әсіресе "Болашақты" бітірген инженерлер. Олар 5 жыл жұмыс істеп, Қазақстандағы шетелдік компанияларға жұмысқа орналасып, шетелдік мамандардан бірнеше есе аз жалақы алды", – деді экономист Арман Байғанов.
Экономистер қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсарту ғана шетелге кетіп жатқандардың санын азайтатынын айтты.