Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қоғамдық көлікте жол апатына түскендер сақтандыру төлемдерін қалай ала алады? Маман түсіндірді

Егер азамат қоғамдық көлікпен жол апатына түсіп, қаза тапқан немесе зардап шеккен жағдайда, міндетті автосақтандыру аясында төлемақы өндіруге болады. Мәселен, 22 желтоқсанда Алматы қаласында жүргізушісіз қалған автобус адамдарды қағып кетіп, үш адам қаза тауып, тағы төртеуі ауруханаға жатқызылған еді. Олар сақтандыру төлемдерін алуға құқылы. Stan.kz тілшісі мұндай жағдайда сақтандыру төлемдері қалай берілетінін маманнан сұрады.

Автобустың қатысуымен орын алып, кісі өлімге әкелген ЖКО болды делік. Қайғылы жағдайда қаза тапқан тұлғалардың туыстары, сондай-ақ барлық басқа зардап шеккендер міндетті автосақтандыру (көлік құралы жүргізушісінің үшінші тұлғалар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру-КҚЖ АҚЖ МС) шеңберінде сақтандыру төлемдерін ала алады.

"Евразия" СК атқарушы директоры Гүлназ Мұхтарова сақтандыру төлемдерін алу үшін не істеу керегін айтты. Маман қоғамдық көлікте жол қозғалысының басқа қатысушыларының мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін сақтандыру болуы міндетті екенін жеткізді. Автобус, троллейбус және басқа да көліктер үшін екі түрлі сақтандыру рәсімделеді:

  • Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру келтірілген залалдан қорғайды;
  • Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру  қоғамдық көліктегі адамдарды қорғайды.

Жол апатынан қаза тапқан және зардап шеккендерге қанша төленеді ?

Адам қаза тапқан жағдайда оның асырауында қалған адамдар, яғни кәмелетке толмаған балалар мен ерекше қажеттілігі бар ата-аналарға 2 мың АЕК немесе 6,9 млн теңге төленеді.

Сонымен қатар сақтандыру компаниясы жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу үшін 100 АЕК немесе 345 мың теңге бөледі. Ол үшін марқұмның туыстары шығындардың мөлшерін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. 

Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен жаяу жүргіншілердің денсаулығына зиян келген жағдайда олардың еміне 300 АЕК немесе 1 миллион 35 мың теңгеге дейін беріледі. Ол үшін шығындары құжатпен расталуы қажет.

Жол апатының кесірінен зардап шеккен адамға мүгедектік берілсе,  мынадай сақтандыру төлемдері көзделген: 

  • I топ – 1,6 мың АЕК немесе 5,52 миллион теңге;
  • II топ – 1,2 мың АЕК немесе  4,14 миллион теңге;
  • III топ – 500 АЕК немесе 1,725 миллион теңге.

Өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянның мөлшері медициналық ұйымдар берген құжаттар негізінде айқындалады. 

Жол апатынан зардап шеккен көліктің иелері 600 АЕК-ке дейін немесе 2,07 миллион теңгеге дейін сақтандыру төлемін алуға құқылы. Ал көлігі бұзылғаны үшін 2 мың АЕК немесе 6,9 миллион теңгеге дейін ақша төленеді. Оның мөлшерін бағалаушы маман анықтайды.

Сақтандыру төлемін қалай алады?

“Жол апатынан зардап шеккен тұлғалар, сақтандыру төлемін алуға құқығы бар тұлғалар автобус жүргізушісінің жауапкершілігі сақтандырылған компанияға жүгіну қажет. Оның қандай сақтандыру компаниясына қарайтынын екенін Алматы қаласының полиция департаментінен, жол полициясы бөлімінен білуге болады”, –деп қосты “Евразия” сақтандыру компаниясының өкілі.

Сақтандыру төлемдерін делдалдарды қатыстырмай, сақтандыру компаниясына жеке жүгінген кезде дербес алуға болады. Ол үшін заңда белгіленген құжаттар тізімін жинау қажет. Әрбір сақтандыру жағдайы бойынша қажетті құжаттар туралы ақпаратты тікелей сақтандыру компаниясынан алуға болады.

Талқылау