Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылжарда "қылмыстық іске қатысы бар" деп тәркіленген көлік иелері наразылыққа шықты

Қызылжарда қылмыстық іске қатысы бар деп тәркіленген көлік иелері наразылыққа шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Қазір жүргізушілер шарасыз күйге түскен. Олар экономикалық тергеу департаментінің жұмысын сынға алды. Аталған мекеме жыл басында Ресейден Қазақстанға көліктерді заңсыз тасымалдаған қылмыстық топты құрықтап, олар әкелген 60 көлікті алып қойған. Артынша контрабандалық жолмен келген автомобильдерді тәркілей бастады. 

Бес баланың әкесі Айдос Сұлтанов жылдың басында бес жарым миллион теңгеге “Тойота” көлігін сатып алған. Жарты ақшасын несиеге рәсімдепті. Адам тасып, ақша тауып жүр едім дейді. Дегенмен жарты жылдан кейін көлігінен айырылып қалды. Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері темір тұлпардың елге заңсыз жолмен әкелінгенін айтып, материалдық айғақ ретінде тәркілеген.   

“Тамыз айында мені полицейлер тоқтатып, бұл көліктің іздеуде жүргенін айтты. Кейін көлікті алып кетті. Міне содан беріп көлігімді қайтармай жатыр, соттың шешімін тосыңыз дейді. Маған әлі бес жыл бойы ай сайын 100 мың теңгеден несие төлеу керек”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Айдос Сұлтанов.

Шеттен арзан көлік әкелгендер базынасын жеткізу үшін елдің түкпір-түкпірінен Қызылжарға жиналды. Абайсызда опық жегендердің айтуынша, қылмыстық топтың кесірінен 1500-ға жуық адам жапа шекті. Алайда құзырлы орган қылмыстық істе оларды жәбірленуші ретінде емес, куәгер ретінде қарастырып отырғанын түсіне алар емес.

“Егер тергеу бөлімі бізді жәбірленушілер ретінде қарастырса, онда біз көлікті сатқан кісіні сотқа беріп, одан өтемақыны талап ете аламыз. Ол көліктерді Қазақстанға заңсыз жолмен кіргізген біз емес”, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Абылайхан Байғынбеков.

Экономикалық тергеу департаменті мамандары, бұл адамдар куәгер санатында қалатынын жеткізді. Бірақ оны түсіндіріп жатпады. Тіпті осы уақытқа дейін қанша темір тұлпарды тәркілегендерін де айтуға құлықсыз. Заңсыз көліктер әлі де іздестіріліп жатыр деді.

“Қазақстан мен Ресей азаматтарынан құралған трансұлттық қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс бітуге жақын. Пысықайлар жапониялық темір тұлпарларды Ресей арқылы Қазақстанға автобөлшек ретінде кіргізіп, артынша жалған нөмірмен сатып отырған. Бұл көліктер қазір әлі де іздеуде жүр. Ал тәркіленген көліктерге қатысты нақты шешімді сот шығаратын болады”, – дейді СҚО экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі Дулат Телекеев.

Сондай-ақ мамандар аталған қылмыстық топты құрықтаған кезде ірі қойманың ішінен әлі сатылып үлгермеген 60 көлікті тапқан. Ізінше күдіктілердің құжаттарын ақтарып, заңсыз көліктердің саны бұдан бірнеше есе артық екеніне көз жеткізген.

Талқылау