Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордалық дәрігерлер 8 жастағы баланың бауырынан құртқа толы 4 киста алып тастады

Қызылорда облыстық көпсалалы балалар ауруханасының нейрохирург-дәрігерлері екі баланың өмірін аман алып қалды. Мамандар эхинококкоз диагнозымен келіп түскен жеткіншектерге дереу ота жасады. Қауіпті кеселдің салдарынаң бірі баланың бас миы зақымдалса, екіншісі науқастың өкпесі мен бауырына кесірін тигізген. Шұғыл жасалған ота мен дәрігерлердің біліктілігінің арқасында жас балалардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды Stan.kz сайтының өңірдегі тілшісі.

Күрделі ота жасатқан науқастардың бірі - 10 жасар Даниал. Ер бала біршама уақыт жақындарына басының ауыратынын айтып, шағымданып жүрген. Медициналық тексерулердің нәтижесінде баланың бас миында эхинококтік кистаның пайда болғандығы анықталған. Балалар ауруханасының мамандары шұғыл әрекет етіп, өте күрделі отаны сәтті жасаған. Қазір жеткіншектің жағдайы жақсарып келеді. Соған қарамастан ем алушы күндіз-түні дәрігерлердің бақылауын қажет етеді. 

"Мен облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне ризамын. Баламның жағдайын немқұрайлы қарамады. Ота да сәтті өтті. Бұл жағдай төбемізден жай түскендей болды. Ойнап жүрген баламыз операциялық столдан бір-ақ шықты. Барлығы жақсы аяқталғанына шүкіршілік етеміз", - деді Даниалдың анасы Гүлназ Жандыбаева. 

8-жасар Ерасылдың да жағдайы біршама жақсарып келеді. Бұл науқас Жаңақорған ауданынан шұғыл түрде жеткізілген. Ер бала тоқтамай құсып, әлсіз болып қалған. Қауіпті кеселдің салдарынан Ерасылдың өкпесі мен бауырында эхинококтік киста анықталған. Бүгінде баланың сол жақ өкпесінен 4 қауіпті киста алынған. Алдағы уақытта тағы екі ота жасалатын болады. 

"Ерасылдың ауруханаға келіп түскендегі жағдайы өте ауыр болды. Баланың ішкі ағзалары зақымдалған еді. Эхинококтік кистаны алу үшін жасалатын операция өте күрделі. Ең бастысы капсуланы жарып алмау керек. Егер капсула жарылатын болса, инфекция адамның ағзасына толық тарап кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда науқастың аман қалуы екіталай. Өте ыждаһаттылық пен кәсіби біліктілікті талап ететін ота", -  деп мәлімдеді Қызылорда облыстық көпсалалы балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Қанат Медетбаев.  

Дәрігерлердің айтуынша, эхинококкоз ауруының қоздырғыштары ит, мысық және төрт - түліктен жұғуы мүмкін екен. Сонымен қатар, дұрыс пісірілмеген ауру малдың еті де адамға үлкен қауіп төндіреді. Сол себепті мамандар, балалардың тамақтануына үлкен мән беру керек екенін айтады. Жеткіншектерді мүмкіндігінше фаст-фуд және кәуаппен тамақтандырмаған дұрыс. 

"Эхинококкоз ауруы көбіне 2 және 10 жастағы балалардан анықталады. Сондай-ақ, аталмыш дертке шалдыққан жасөспірімдер де бар. Кейбір кезде аурудың мүлдем белгілері болмауы мүмкін. Бұл кезде инфекцияның қауіпті таяқшалары ағзада көбейіп, адамның денсаулығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Эхинококтік кистаны тек хирургиялық жолмен ғана алуға болады, яғни міндетті түрде науқасқа ота жасалынуы тиіс. Бұл дертпен сырқаттанған жандар 10 жылға дейін есепте тұрады. Осы уақыт аралығында арнайы препараттарды қабылдап, мамандардың бақылауында болады", - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Әзімхан Төлегенов. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр