Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денеге ыстық үтік басқан": 25 адам жәбірленуші болып танылды

Алматы облысында қыздырылған үтік буымен азапталғандар ісі бойынша 25 адам жәбірленуші болып танылды. Прокуратура бұл іске 5 полиция қызметкерінің қатысы барын анықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев ОКҚ брифингінде тергеудің рұқсат етілмеген әдістері деректерін тергеу туралы айтқан.

"Қазіргі уақытта ең резонанстық 8 жағдайды арнайы прокурорлар тергеуде. Осы істер бойынша арнайы және құқық қорғау органдарының 15 қызметкері күдікті деп танылды, олардың 9-ы қамауда отыр.

Атап айтқанда, Алматы облысында қыздырылған үтік буымен азапталғандар ісі бойынша 25 адам жәбірленуші болып танылды. Жедел-тергеу әрекеттерінің нәтижесінде арнайы прокурорлар бес полиция қызметкерінің іске қатыстығын анықтады. Олардың үшеуі кінәсін мойындады", - деді Шалабаев.

Оның айтуынша, Алматы облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің екі қызметкеріне қатысты тергеу амалдары аяқталды. Олар ұсталған азаматты ұрып-соғып, оны өлім халіне жеткізді деген күдікке ілініп отыр. 

Шалабаев азаптау бойынша қылмыстық іс тергеудің ерекшелігімен сипатталатынын атап өтті.

"Жәбірленушілердің көпшілігі бұл оқиғаға қатысы бар адамдарды анықтай алмайды, өйткені кейбіреуі бетперде таққан немесе арнайы киіммен жүрмеген. Іс бойынша ешқандай бейнематериалдар жоқ, өйткені полиция ғимараттарына шабуыл жасау нәтижесінде құрылғылар бүлінген. Осыған қарамастан, дәлелдемелер жинау бойынша тергеу және іс жүргізу әрекеттері жүргізілетін болады", –  деді ол.

Талқылау