Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Насыбай атады, темекі тартады. Кім көрінгенге түкіртуге болмайды": Аға буын жас әншілердің ауызға түкіруіне қарсылық білдірді

Бүгінгі таңда Төреғалиге ұқсағысы келетін бүлдіршіндер көп. Ұсыныстан ұлы дала баласы да бас тартпайды. Бір кездері шоу-бизнесте ауызға түкіру белең алғанымен, бұл үрдіс аға буынға жақпай келеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Shownews.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Төреғали Төреәлі

«Біреудің ой-пікірінше, Төреғали бола ма, басқа бола ма – солар үшін ең биікте тұратын адамдар шығар. Айтқаны келетін ауызының киесі бар адамдар болады. Кезінде сол кісілерге түкірткен. Кім көрінгенге ауызға түкіртуге болмайды. Бұл – ұят нәрсе», - деді Рамазан Стамғазиев. 

Дәстүрлі әншінің пікірі Нағима Есқалиеваның пікірін дөп басқандай болды. Орда бұзар жасқа жетпесе де, бата беріп, ауызға түкірген жастардың қылығы халық әртісінің қытығына тисе керек. 

«Ауызға үлкен адамдар түкіруі тиіс. Бұл 20-30 жастағы жастар болмауы тиіс. Өмір мен халықты көрген, 40 концерт берген. Ал мұндай жастарға түкірткізу – біртүрлі. Қазақтың біртүрлі деген сөзі бар ғой. Ол –жас. 50-60 жастан асқан соң түкіресің», - деді Нағима Есқалиева әнші Төреғлаи Төреәліге. 

Отандық шоу-бизнесте ауызға түкірушілер тек Төреғалимен шектелмейді. Ол тізімде Ернар Айдар да бар. 

«Ауызға түкіру дегенді жиі кездестіреміз. Мен кейде бас тартамын. Бірақ үлкен кісілер ренжиді. Енді әркімнің аузында не бар, не жоғын кім біледі? Біреуі – насыбай атады, екіншісі - темекі тартады. Біреуі – өтірік сөйлейді, екіншісі – өтірік саясаткер, тағы біреуі – қу. Сондықтан басқаның бәрі жұғады. Ал пәк, өмірге әлі лайланбаған, жан дүниесі таза адамның аузын ашып қойып түкіріп жатуға өз басым қарсымын», - деді Рамазан Стамғазиев. 

Ал Азамат Сатыбалдының дәл осы дәстүрге қатысты түсінігі тым басқа. Оның сөзінше, ауызға түкіру – ежелден қалыптасқан сенімнің бір түрі. 

«Мәселе аузын ашып қойып түкіруде емес. Ол – ниет. Сондықтан ол біздің бабаларымызда болған нәрсе. Сол түкіргеннен ешкім керемет жұқпалы аурумен ауырып, өліп қалған жоқ. Қайта «Пәленше менің аузыма түкіріп еді. Мен қазір сондай деңгейдегі адам болдым» деп тарихта қалғандар қаншама?» - дейді Азамат Сатыбалды. 

Қазіргі таңда ұл-қызының Димаш секілді дүлдүл әнші болғанын қалайтын ата-ана да аз емес. Әлем таныған қазақ баласы ұлттық өнерді шетелде ұлықтап қана қоймай, ырым-тыйымдарды да естен шығарған емес. 

Талқылау