Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"ҚазМұнайГаздың" таза қарызы 2025 жылы 1,5 миллиард долларға азайды

Фото: kmg.kz

“ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы 2025 жылға арналған қаржылық есебін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қарыз

Есепке сәйкес, компанияның жалпы қарызының басым бөлігі доллармен көрсетілген (2025 жылы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша – 69%). Өткен 12 айда “ҚазМұнайГаз” қарыз көлемін долларлық мәнде 7,8%-ға азайтып, 6 миллиард 967 миллион долларға дейін төмендеткен. Ал теңгемен есептегенде қарыз 11,2%-ға қысқарып, 3,5 триллион теңге болды (2024 жылы 31 желтоқсанмен салыстырғанда).

2025 жылы 31 желтоқсандағы таза қарыз 375 миллиард теңге (742 миллион доллар) болып, 2024 жылғы 31 желтоқсандағы 1163 миллиард теңгемен (2,2 млрд доллар) салыстырғанда теңгемен 67,7%-ға, доллармен 66,5%-ға төмендеген.


"ҚазМұнайГаз Инвест" пирамидасы қазақстандықтарды миллиард теңгеге алдап кеткен


"ҚазМұнайГаз" басшыларына 705 миллион теңге сыйақы: Компания басшысының орынбасары қомақты сыйақы туралы сұраққа жауап бере алмады


Түсім

2025 жылы компанияның түсімі 9 триллион 371 миллиард теңге (шамамен 18 млрд доллар) болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,5%-ға жоғары.

Компания мәліметінше, әлемдік мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, түсімнің өсуіне теңгенің долларға қатысты әлсіреуі әсер еткен. Сонымен қатар өсімге KMG International мен ҚМГ корпоративтік орталығы деңгейінде мұнай өнімдерін сатудан түскен табыстың артуы себеп болды.

Есепті кезеңде KMG International зауыттарында өңдеу көлемі айтарлықтай өскен. Бұл 2024 жылғы жоспарлы күрделі жөндеуден кейін өндірістік қуаттардың қалпына келуімен байланысты. Сонымен қатар жұмсақ гидрокрекинг қондырғысының қайта іске қосылуы әсер етті.

Онымен қоса “Атырау мұнай өңдеу зауыты” ЖШС деңгейінде мұнай өңдеуден түсетін табыс азайған. Бұл өңдеу тарифінің төмендеуі мен өңдеу көлемінің қысқаруына байланысты. Сондай-ақ “Қазмортрансфлот” ҰТКҚК" ЖШС-де де табыс төмендеген. Бұл КТК тарапынан Aframax типті танкерлерге арналған тасымал жоспарларының өзгеруіне байланысты мұнайды теңіз арқылы тасымалдау көлемінің азаюымен түсіндіріледі.

Таза пайда

Компанияның таза пайдасы 2024 жылмен салыстырғанда 2%-ға төмендеп, 1072 миллиард теңге (шамамен 2 млрд доллар) болды.

Компанияда бұл көрсеткіштің төмендеуін теріс бағамдық айырманың қалыптасуымен, өндірістік шығындардың, тозу, сарқылу және амортизация шығындарының артуымен, өзге қаржылық табыстың азаюымен байланыстырды.

Айта кетейік, бұған дейін Labubu ойыншығын шығаратын компанияның нарықтық құны "ҚазМұнайГаздан" екі жарым есе асып түскені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 26 Наурыз, 2026 19:25