Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазір балаларымды далаға шығармаймын": Ақтөбеде ата-аналар итке таланған баланың киімдерін көрсетті

Ақтөбе облысында екі бірдей бала итке таланған ауданның тұрғындары бас көтерді. Олар биліктегілерден Жануарларды қорғау туралы заңның қайта қаралуын талап етеді. Сөздерінше бұралқы иттердің көбейгені сонша, аудан қаңғыған төбеттердің ортасына айналған. Аналар тіпті соңғы қайғылы жағдайдан кейін балаларын не ойнауға не қосымша үйірмелерге жібере алмай, үйден шығаруға қорқып отырғандарын айтады. Жиналғандар адамдарды қапқан иттер бірден атылсын деген талап қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

киім

Қаңғыған иттердің атылуын талап етіп, наразылыққа шыққан көптің арасында осыдан екі апта бұрын мектептен қайтып келе жатып, он бес итке таланған оқушының анасы да бар. Ақмарал Жарылғапова бастарынан өткен жағдайда кейін арызданып қақпаған есігі қалмағанын, бірақ сол кезде жанайқайына ешкімнің құлақ аспағанын айтады. Сөзінше, сол күні қызының үстінде болған киімдерді қазір көргенде жаны түршігеді екен. Азулы төбеттер кішкентай қыздың рюкзагы мен шалбарынан түк қалдырмапты. Қазір баласының аман қалғанына тәубе еткен ана адамға "атылған" иттердің көзі жойылсын деп талап етеді. 

“Қазір балам үйден шыққысы келмейді. Қорқады. Енді әрі қарай мына өмірге қандай көзбен қарайтынын, қандай жүрекпен жүретінін, болашағына уайымдаймын. Адамға шапқан, бала жеген итті үрім-бұтағымен құрту керек. Бұл менің ана ретінде, адам ретіндегі пікірім”, – деді қала тұрғыны Ақмарал Жарылғапова.  



Қала көшелері мен ойын алаңдарында адамға қарағанда қаңғыған ит көп жүреді дейді тұрғындар. Сондықтан адамға шабатын иттер ауланбай, шетінен атылсын деп отыр. Тіпті соңғы жағдайдан кейін қатты қорқып қалған халық балаларын үйден шығармайтынын мәлімдеді.

“Қазір мен балаларымды үйден шығара алмаймын. Неше күн болды үйде қамап отырғаныма. Шығара алмаймын. Себебі мына иттерден қорқамыз. "Ит адамды жеді" дегенде қай уақытта естіп едіңіздер”, – деді тұрғын Индира Асылбекова. 

Тұрғындар сөзінше, соңғы үш күннен бері 130-ға жуық адамнан арыз түсіп, 100-ге жуық ит ауланғанын айтты. Нұр-Сұлтанға барып журналистермен кездескен облыс әкімі Оңдасын Оразалин қаңғыған иттерді аулауға жаңа заңның жаңа талаптары сылтау болғанын мойындады. Сөзінше бұралқы иттерді жою үшін қол астындағыларға үш апта уақыт беріпті. 

“Мен екі-үш аптаның ішінде қаңғып жүрген иттердің бәрін аулап, жеткізетін орынға жеткізсін деп тапсырма бердім. Бұған қаражат мәселесі кедергі келтірмейді. Көп қаражат талап етпейді. Оның бәрі біздің бюджетте қарастырылған. Біздің қызметкерлеріміз сол ереженің күшке енгенін тосып отыр”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин. 

Жіберіп алған кемшілігін мойындаған Оразалин мырза қайғылы жағдайдан кейін осы салаға жауапты шенділерді тиісті жауапқа тартуы мүмкін деді. Бірақ ол шешімі әзірге нақты емес. Ал Мадияр Шәкіратты қапқан ит те, оның иесі де әлі табылмапты. 

Талқылау