Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Қазақтелеком» бастаған жаңа жоба ауылдағы бизнестің дамуына серпін береді

"Қазақтелеком" бизнеске тың мүмкіндік беретін бірегей жоба жариялады. Компанияның "Ауылдағы цифрлық серіктес" жобасы шалғайдағы әрбір тұрғын үйге жылдам, сапалы интернеттің кіруіне жағдай жасап, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізбек. 

Айта кетсек, интернет жетпеген ауылдар үшін "Қазақтелеком" 2018-2020 жылдар аралығында мемлекеттік-жеке әріптестік жобасы аясында 14 514 шақырымға талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізді. Соның арқасында, 2,5 мыңнан астам мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдар жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болды. 

Дегенмен, жоба аясында Қазақстанның барлық аймағын қамту мүмкін болмады. Сол себепті "Қазақтелеком" еліміздің түкпір-түкпірінен "цифрлық серіктестерін" іздей бастады. Яғни аталмыш пилоттық жоба бойынша аймаққа интернет желісі орнатылып, тұрғындар ұшқыр интернетке қосыла алады. Мұнымен қоса, байланыс орнатқан мекемелер қызмет көрсету арқылы табыс тауып, ауылдағы байланысқа қатысты өзекті мәселені шешуге себепші болады.

"Қазақтелеком" АҚ Корпоративті бизнес дивизионының бас директоры Алмат Қарамановтың айтуынша, жобаның ең басты негізі – еліміздің ірі телеком операторының жеке бизнеспен әріптестігі. Бірінші кезекте жеке кәсіпкерлер мен кішігірім заңды тұлғаларға қолдау көрсете отырып, компания ауылдағы әрбір үйге интернет кіргізуге жағдай жасайды.  

"Біздің серіктесіміз ауылға қажетті құрылғыларды орнатып, оларды қолданыстағы ТОБЖ желісіне қосып, әр абонентке интернет бере отырып, жергілікті желіні тартуы керек болады. Айта кету керек, кәсіпкер құрылғыны орнатады және желіні өз есебінен жүргізеді, бұл шығындар абоненттерден ай сайынғы төлемдер арқылы өтеледі. Осылайша, кәсіпкер қысқа уақыт ішінде жергілікті желі құрылысына салынған инвестицияларды қайтарып қана қоймай, болашақта кепілдендірілген ақша табуға мүмкіндік беретін пайдалы бизнестің иесіне айналады, өйткені адамдарға әрдайым интернет керек", – дейді Алмат Қараманов.

Жоба менеджерлері "Қазақтелекомның" цифрлық серіктестері абоненттік базаны қосып, одан ай сайынғы төлемнің 50%-ын алатынын атап өтті. Сөздерінше, "цифрлық серіктес" заңды тұлғалар мен ірілі-ұсақты ұйымдарға жұмыс орындарын арттыруға жағдай жасай отырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. 

Бүгінде бұл жоба пилоттық режимде Түркістан облысының 176 ауылында жүзеге асырылуда. 

"Жобаға қатысу үшін арнайы веб-сайтта ұсынылған барлық құжаттармен танысып, кәсіпкерлерге арналған ISMET.KZ платформасында өтінім беру қажет.

"Қазақтелеком" мамандары жарты сағат ішінде кәсіпкермен байланысып, барлық қосымша ақпаратты береді. Осыдан кейін әлеуетті серіктес "Қазақтелекоммен" келісімшарт жасай алады. Әрі қарай, компания кәсіпкерге таңдалған ауылда желі құруға арналған техникалық шарттарды ұсынады. Серіктес алынған техникалық шарттарға сәйкес желіні жасайды және абоненттерді байланыстырады, барлық қосылған клиенттер үшін белгіленген абоненттік төлемнің 50% мөлшерінде ай сайынғы төлемдерін ала отырып, желіні құруға кеткен шығындарын жабады және табыс табады", – деп түсіндірді Алмат Қараманов.

"Ауылдағы цифрлық серіктес" жобасы бір "оқпен екі қоянды атып алуға" мүмкіндік береді. Әуелі ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті жойып, ауыл халқын тез арада интернетпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ауылда кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін бермек. Әсіресе нарықта көптеп кездесетін шағын сервистік компаниялар үшін тиімді ұсыныс. Интернет провайдер бағытындағы кәсіпкер атану үшін мына сілтеме бойынша тіркелу қажет. 

Талқылау