Қазақстанның вакцинация паспорты қай елдерде жарамды?
Бұдан былай коронавирусқа қарсы екпе алған қазақстандықтар Венгрия, Таиланд және Моңғолия мемлекеттеріне емін-еркін кіріп шыға алады.
Олардың қолында ПТР тест нәтижесінің бар болуы талап етілмейді. Сол сияқты осы елдердің вакцинацияланған азаматтары да Қазақстанға еш кедергісіз қатынай алады, деп хабарлайды 31 арна.
Себебі бұл елдер өзара бір-бірінің вакцинациялау паспорттарын мойындаған. Қазір денсаулық сақтау және сыртқы істер министрлігі Қазақстанның вакцинация паспорты жарайтын елдер тізімін ұлғайту үшін келіссөздер жүргізіп жатыр.
2 маусымнан бастап коронавирусқа қарсы екпе алған қазақстандықтар вакцинациялау құжаты болған жағдайда ПТР-анықтамасыз, көлікпен Қырғызстанға бара алады. Ал 19 маусымнан бастап вакцинация паспорты ұшақпен жүретіндерге де жарамды. Есесіне, қырғыз азаматтары Қазақстан аумағына келерде қолында міндетті түрде ПТР анықтамасы болуы шарт. Өйткені біздің тарап олардың екпе құжатын әлі мойындаған жоқ.