Қазақстаннан экстрадицияланған қарақалпақ белсендісі екі жарым жылға сотталды
Фото: pixabay.com
Қарақалпақстан Жоғарғы соты Қазақстаннан өткен жылы желтоқсанда экстрадицияланған белсенді Ринат Утамбетовке шыққан үкімді күшінде қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
44 жастағы Утамбетовке Өзбекстан Қылмыстық кодексінің екі бабы – "Конституциялық құрылысқа қолсұғушылық" және "Қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін материалдар тарату" бойынша айып тағылған.
Ол екі жарым жылға сотталды, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді. Жаза мерзімі Алматыда ұсталған сәттен — 2024 жылдың 30 сәуірінен бастап есептеледі. Сонымен қатар сот оны Қарақалпақстан ішкі істер министрлігінің экстрадиция шығындарын – 30 миллион сомнан (шамамен 1,2 миллион теңге) астам соманы өтеуге міндеттеді.
Айта кетейік, қылмыстық іс Шортанбай ауылының 10 тұрғыны тіркелген Telegram желісіндегі жабық топқа үш "тыйым салынған бейнематериалдың" жариялануына байланысты қозғалған. Бейнежазбалар 2022 жылдың жазында Қарақалпақстанда Өзбекстанның Конституциясында оның автономиялық мәртебесін жоюға қарсы наразылықтар өткен кезде жарияланған.
Сот видеожазбаларды сепаратизмге шақырады деп атап, қорғаушының уәждерін қабылдаудан бас тартты.

Қазақстандық әйел шетелдік күйеуінің кесірінен 2 жасар қызымен табыса алмай жүр
