Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың 85%-ына пәтерді сату үшін техпаспортты жаңарту міндеттелмек

пәтер сату үшін техпаспорт қайта жасау керекФото: freepik.com

Қазақстандықтардың 85 пайызына пәтер техпаспортын жаңарту қажет болады. Жаңа ереже бойынша балкон мен лоджия да жалпы алаңға кіріп, арнайы коэффициентпен есептеледі. Бұл құжатсыз баспананы сату, сыйлау немесе мұраға қалдыру мүмкін болмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Балкон үшін – 0,3, лоджия үшін – 0,5 нормалары құрылыс саласында бұрыннан қолданылып келеді. Бірақ енді техникалық паспорттар үшін де міндетті болды.

“Балкон, лоджия мен террасалар арнайы коэффициенттермен есепке алынады. Бұл өте маңызды, өйткені біздің құрылыс нормаларымыз бен ережелерімізге (СНиП) сәйкес, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту кезінде осы коэффициенттерді есепке алу қажет”, – деді Құрылысшылар одағының директоры Вячеслав Лазарев.

Ескі техникалық паспорттың орнына енді бірқатар құжаттар беріледі. Олардың құрамына жаңа кадастрлық паспорт, пәтердің жоспары, барлық бөлмелердің ауданы көрсетілген жеке кесте (соның ішінде балкон мен лоджия), сондай-ақ өзгерістер туралы арнайы қорытынды кіреді. Барлық құжаттарға жаңа кадастрлық нөмір беріледі.

“Қазір техникалық паспортты ХҚКО-ға барып немесе egov порталында онлайн тапсырыс беріп алуға болады. Бұл ұзаққа созылмайды, тез рәсімделеді. Біз, риэлторлар, пәтерді сату үшін қабылдағанда осындай құжаттарды көріп, бірден сатушыларға "жаңартқан дұрыс" деп кеңес береміз”, – деді Лариса Степаненко, Риэлторлар қауымдастығының президенті:

ХҚКО-ға немесе egov.kz порталына өтініш беру үшін стандартты құжаттар қажет: жеке куәлік, пәтерге меншік құқығын растайтын құжат, егер бар болса жер учаскесінің идентификаторы, сондай-ақ мемлекеттік қызмет үшін төлем түбіртегі керек. 



“Мәміле 2–3 күнге, нақтырақ айтсақ, 5 күнге дейін кешігуі мүмкін. 2–3 күнде паспорт дайындалады. Кейін 2 күн ішінде аудандар өзгереді және тіркеуден өтеді. Барлығы – 5 жұмыс күні. Демалыс күндерін есепке алсақ – бір апта. Бұл сату-сатып алу мәмілелерінің санына да, бағаға да әсер етпейді”, – деді жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Александр Пак.

Бірінші қадам – маманды шақыруға өтініш беру. Ол келіп, пәтерді қарап шығады, барлық бөлмелердің, соның ішінде балкон мен лоджияның өлшемін алады, жаңа жоспар жасайды. Бұл мәліметтер жаңа құжаттарды рәсімдеудің негізі болады. Техпаспортты кез келген уақытта ауыстыруға болады, мерзім шектелмеген. Ескі құжат үшін айыппұл салынбайды және ол меншік құқығына әсер етпейді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 07 Тамыз, 2025 10:40
Талқылау
`