Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық төреші Олимпиадада ресейлік спортшының балын негізсіз көтеріп, өз елінің спортшыларына төмен ұпай қойған

Фото: Stan.kz | Мәнерлеп сырғанаушылар Софья Самоделкина /Михаил Шайдоров / Аделия Петросян/ Төреші Надежда Парецкая

Милан-2026 қысқы Олимпиадасы аяқталғанымен, Қазақстан спортында дау басылар емес. Қазақстан атынан барған төреші Надежда Парецкаяның бағалауы жанкүйерлер арасында күмән туғызып, әлеуметтік желіде қызу талқылауға себеп болды. Қолданушылар оның ресейлік спортшыға жоғары, ал қазақстандықтарға төмен ұпай қойғанын айтып, ресми органдардан ашық түсініктеме талап етіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада Қазақстан спорт қоғамында жаңа дауға түрткі болды. Қазақстан атынан барған төреші Надежда Парецкаяның бағалауы жанкүйерлер арасында күмән туғызып, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

Жанкүйерлердің айтуынша, Парецкая ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Аделия Петросянның өнеріне шамадан тыс жоғары ұпай беріп, ал қазақстандық спортшыларға қатаң қараған. Әсіресе әйелдер арасындағы жарыстың еркін бағдарламасынан кейін сын күшейді.

Тоғыз төрешінің ішінде Парецкая Петросянға ең жоғары баға қойған жалғыз маман болды, оған 147,04 балл қойған. Оның бағалауы бойынша ресейлік спортшы бағдарламада бірінші орын алар еді. Ал британиялық төреші Ричард Грейндж 136,90 балл қойып, нәтиже бойынша Петросян тек оныншы орынға тұрақтар еді. Дегенмен спортшы 141,64 балл жинап, екі бағдарлама қорытындысы бойынша 214,53 ұпаймен жалпы есепте алтыншы орын алды.

Фото: © РИА Новости / Аделия Петросян

Бағдарлама барысында Петросян төрт айналымдық тулупты орындауға тәуекел етіп, қону кезінде құлап қалды. Соған қарамастан ол 3Lz+2T және 3F+3T каскадтарын, сондай-ақ үш сальхов, риттбергер, флип секілді элементтерді таза орындап, техникалық көрсеткіш бойынша 76,93 балл жинады. Ал компоненттер үшін 65,71 балл алып, бұл көрсеткіш финалистер арасында тек 12-орынға сәйкес келді. Осы айырмашылықтар Парецкая қойған жоғары бағаның негізділігіне қатысты сұрақтарды күшейтті.

Фото: Диас Нұрланұлының желідегі парақшасынан

Даулы бағалау қазақстандық Софья Самоделкинаға қатысты да айтылды. Жанкүйерлер оның ұпайлары төмен қойылып, соңында спортшы жарысты небәрі 10-орында аяқтады деп санайды. Дәл жағдай әділ төрешілікке күмән келтіргенін әлеуметтік желі қолданушылары ашық жазып жатыр.

Софья СамоделкинаФото: Туризм және спорт министрлігі / Софья Самоделкина

Дау ерлер бәсекесіне де қатысты пікірлерді күшейтті. Қысқа бағдарламада көшбасшылар қатарында болған Михаил Шайдоровты Парецкая жетінші орынға қойған. Соның салдарынан спортшы еркін бағдарлама алдында тәуекелге барып, бес секіру элементін орындауға мәжбүр болды. 

Дегенмен желіде төреші бағасына қатысты пікірлер екіге бөлінді. Бірі оны сынаса, енді бірі ұпай айырмашылығы нәтижеге айтарлықтай әсер етпегенін айтады.

"Мынау қыздар жарысына қатысты. Ерлер жағында да осы төреші отырған шығар. Мишаның да бағасын кемітіп тастаған", – деп жазды Диас Нұрланұлы.
"Ұпайларға қараңыздаршы: ол барлық бағдарламада жақсы балл берген, бір бағдарламасында тіпті 70 қойған. Еркін бағдарламада жоғарырақ қойса да, нәтиже ең көбі 1 балға ғана өсер еді", – деп пікір білдірді Бизаева.

Соған қарамастан Шайдоров барлық қысымды еңсеріп, Олимпиада чемпионы атанды. Алайда төрешінің бағасына қатысты сұрақтар бұл жеңістен кейін де басылған жоқ.

"Көптеген әлемдік БАҚ осы масқара әрекет туралы жазып жатыр. Бұл еліміздің және Қазақстан Олимпиада комитетінің беделіне кері әсер етеді. Туризм және спорт министрлігі мен жауапты тұлғалар оның жаттықтырушылық және төрешілік лицензиясын қарастырып, әрекетіне жария баға беруге тиіс", – деп жазды желі қолданушысы.

Әлеуметтік желіде Парецкаяның Алматы қаласы бойынша "Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағы" филиалының жетекшісі екені де айтылып қалды.

Төреші Надежда Парецкаяға қатысты сын алғаш рет айтылып отырған жоқ. 2022 жылы да қазақстандық мәнерлеп сырғанау жарыстарындағы төрешілікке байланысты ата-аналар наразылық білдірген. Мәселен, Алматыда өткен V Спартакиададан кейін спортшы Багдана Рахишованың анасы Александра Пак жарыс қорытындысына күмән келтіріп, төрешілер құрамында өз шәкірттерін бағалаған жаттықтырушылар болғанын, кей спортшыларға элементтер толық орындалмаса да жоғары ұпай берілгенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар жарыс нәтижесінің әділдігіне күмән туғызып, жергілікті төрешілік жүйесіне қатысты сұрақтарды бұрыннан жинақтап келген.

Сол кезде де ата-аналар мен спорт қауымдастығы тарапынан бағалау ашықтығы, халықаралық ережелердің сақталуы және төрешілердің кәсіби жауапкершілігі мәселесі көтерілген. Осы тұрғыдан алғанда, Милан Олимпиадасындағы қазіргі дау жекелеген жағдай емес, қазақстандық мәнерлеп сырғанаудағы төрешілікке қатысты бұрыннан айтылып келе жатқан сынның жалғасы ретінде қарастырылып отыр.

Сонымен қатар жұртшылық тағы неліктен Олимпиадаға төреші ретінде 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Турсынбаева жіберілмегенін айтып шағымданды.

Редакция туындаған мәселеге байланысты туризм және спорт министрлігі, ұлттық олимпиада комитетіне сауал жолдап қойды.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 10:27