Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстандық спортшының ұпайын негізсіз төмендеткен": Отандық төрешіге қатысты дауға мәнерлеп сырғанау одағы пікір білдірді

Коллаж: Stan.kz 

Желіде Қазақстандық төрешінің Олимпиадада ресейлік спортшының балын негізсіз көтеріп, өз елінің спортшыларына төмен ұпай қойғаны туралы ақпарат қызу талқыға түсті. Ақпаратқа қатысты Қазақстанның мәнерлеп сырғанау одағы түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанның мәнерлеп сырғанау одағының мәліметінше, төрешілердің жұмысын бағалау және олардың әрекеттеріне қатысты ресми пікір білдіру құқығы тек Халықаралық конькишілер одағына (ISU) тиесілі.

"Қолданыстағы ережелерге сәйкес, судьялардың қызметін бағалау және олардың жұмысына қатысты ресми түсініктеме беру тек Халықаралық конькишілер одағының (ISU) құзырында. Қазақстан атынан қатысқан өкіл барлық халықаралық талаптар мен критерийлерге сай келеді. Қазақстанның мәнерлеп сырғанау одағы жанкүйерлерді жағымсыз пікірлерден аулақ болуға шақырады. Миландағы Олимпиадада Қазақстан атынан екі мәнерлеп сырғанаушы өнер көрсетті. Михаил Шайдоров Қазақстан мәнерлеп сырғанау тарихында тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанды, ал Софья Самоделкина 10-орын иеленіп, өз мансабындағы ең үздік нәтижесін көрсетті", – делінген хабарламада.

Еске салсақ, Милан-2026 қысқы Олимпиадасына Қазақстан атынан барған төреші Надежда Парецкаяның бағалауы жанкүйерлер арасында күмән туғызып, әлеуметтік желіде қызу талқылауға себеп болды. Қолданушылар оның ресейлік спортшыға жоғары, ал қазақстандықтарға төмен ұпай қойғанын айтып, ресми органдардан ашық түсініктеме талап еткен еді. 

Жанкүйерлердің айтуынша, Парецкая ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Аделия Петросянның өнеріне шамадан тыс жоғары ұпай беріп, ал қазақстандық спортшыларға қатаң қараған. Әсіресе әйелдер арасындағы жарыстың еркін бағдарламасынан кейін сын күшейді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 19:30