Қазақстандық спортшы әлем және Азия рекордын жаңартып, қос бірдей алтын жүлдеге қол жеткізді

Үндістанның астанасы Делиде нысана көздеуден Азия чемпионаты өтіп жатыр. Аталған жарыста Қазақстан құрамасы екі бірдей алтын жүлдеге ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйелдер арасында София Шульженко 50 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен үш позицияда нысана көздеуден жекелей сында топ жарды. Ол финалда үздік сегіз мергеннің арасынан 358.2 ұпай жинап, Азия рекордын жаңартты.
Бұл нәтиже арқылы қазақстандық спортшы аталмыш жаттығу түрінен ересектер мен жасөспірімдер санатында әлем және Азия рекордтарын бірдей жаңартты. Күміс және қола жүлделер Үндістан спортшыларына бұйырды.
Сондай-ақ София Шульженко, Арина Малиновская және Елизавета Безрукова құрамындағы Қазақстан әйелдер құрамасы командалық есепте де алтын медаль жеңіп алды.
Отандастарымыз финалда 1760 ұпай жинап, жалпы есепте бірінші орынға шықты. Осылайша, биылғы құрлықтық додада әйелдер командасы айқын басымдық танытты.
Айта кетейік, чемпионат үш жас санатында (ересектер, жастар және жасөспірімдер) өтуде. Биыл Делиде Азияның 20 елінен келген 320 спортшы жүлдеге таласып жатыр. Қазақстан құрамасы сапында 47 мерген өнер көрсетуде. Қазақстан ересектер құрамасының бас бапкері – Ольга Довгун. Азия чемпионаты 13 ақпанда аяқталады
"БЖЗҚ тығырыққа тірелді": Неге Қазақстанның зейнеткерлері кедей?