Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жасанды түсіктен кейін аман қалған сәбиді басқа отбасы асырап алған: Туған анасы баласын қайтарып алмақшы

Елорда тұрғыны Айгүл асырап алған сәбиін биологиялық анасы қайтарып алғалы жатқанын хабарлады. Бүлдіршіннің туған анасы оны дәрі ішіп өлтірмек болған. Соның әсерінен бала мерзімінен бұрын дүниеге келген, ал анасы одан бас тартқан. Енді арада бір жыл өткен соң ол баланы өзіне қайтаруын сұраған. Алайда сәбидің қазіргі қамқоршылары оның алдағы тағдырына алаңдаулы, балаға туған әке-шешедей болып кеттік деген олар, халықтан көмек сұрайды. Stan.kz тілшісі астаналық анамен тілдесіп, мәселенің мән-жайын білді.

Айгүл 2021 жылдың басында Бөбектер үйінен сәби асырап алады. Сәбидің денсаулығы нашар болып 26-аптада дүниеге келген екен. Айгүлдің айтуынша, биологиялық анасы жүктіліктің 10 және 26-аптасында дәрі ішіп нәрестеден құтылмақ болған. Алайда әйел мерзімінен бұрын босанған. Оның үстіне анасы алкогольдің әсерінде босанғандықтан, бала интоксикацияға шалдығады.

“Соттың деректері бойынша, биологиялық анасының жұмыс істемейтінін, тұрақты мекенжайы жоқ екенін білеміз. 2000 жылы туған, тұрмыс құрмаған. Баладан бас тарту себебі ретінде материалдық жағдайының болмауынан деп түсіндірген.

Жүктіліктің 10-26-аптасында дәрі ішкенін сотта өзі мойындаған”, – дейді ол. 

Құжаттарға сүйенсек, бала өте ауыр жағдайда дүниеге келген. Дәрігерлер баланы әрең дегенде аман алып қалған. 

“Бала өте ауыр жағдайда туды, салмағы –  860 грамм, бойы – 33 см.

Дәрігерлер оның өмірі үшін ұзақ күресті. 2021 жылдың 1 ақпанда біз баланы қамқорлыққа алдық. Оны емдеуге қатысты барлық шараны өз мойнымызға алдық: массаж, логопед, невропатолог, хирург, окулист, физиотерапия, ортопед мамандарға апардық”, – дейді Айгүл.

Сәбиді отбасы 4,5 айлық кезінде асырап алған. Қазір ол бір жас бір айға толыпты. 

“Әр ай сайын баламен 10-15 күн қайта қалыпқа келтіру шараларын қабылдаймыз. Алайда, айта кету керек, біз патологиясы көп баланы асырап алуға мүлдем қорыққан жоқпыз”, – дейді әйел.

Бала дүниеге келген соң оның биологиялық анасы сәбиден бас тартатынын, ары қарай баланы асырап алуға рұқсат беретінін білдіріп арыз жазған. Алайда жарты жыл өткен соң ол баланы қайтарып алмақ болып, арызын қайтып алған.

“Маған қамқорлық органдарынан қоңырау шалып, баланы алып кетуге дайындауымды сұрады. Анасы оны қайтарып алуға шешім қабылдаған екен. Алайда қамқорлық органы, заң бойынша, биологиялық ананы жылдың басында ата-ана құқығынан айыру бойынша сотқа жүгінуі керек еді”, – дейді Айгүл. 

Айтуынша, биологиялық анасымен кездесіп көрмеген. Ол туған анасын ұрып соққаны үшін полиция есебінде тұрған көрінеді.

“Қазір сот процестері жүріп жатыр. Біз баланың биологиялық анасын ата-ана құқығынан айыру бойынша арыз жаздық. Алайда сот бізге келісімін берген жоқ. 

Не себепті судья биологиялық ананың полиция есебінде тұрғанын ескермеді? Біріншіден, ол туған анасын ұрып-соғатыны үшін есепте тұр. Сондай-ақ, оған алкогольді сусындарды ішкені үшін әкімшілік хаттама толтырылған. Ертең баланың денсаулығына зиян тигізбейтініне кепілдік бар ма? Біз бір-бірімізді жақсы көріп қалдық, бала бізді ата-анасы деп таниды. Ана, әке деп атайды. Біз бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық”, – дейді Айгүл.

Қазіргі уақытта ерлі-зайыптылар ата-ана құқығын шектеу бойынша арыз бергенін айтады. 

“Президенттен де көмек сұрадым. Көмек сұрамаған жер қалмады. Бірақ ешкімге жағдайым қызық емес. Сәбиіміз үшін соңына дейін барамыз”, – дейді ол.

Талқылау