Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тағы бір университет жабылды

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің қызметі тоқтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жоғары оқу орнының студенттері басқа медициналық университеттерге ауыстырылды. Ауысу соңғы екі айда жүзеге асырылды, енді түлектер оқуды жалғастырып, бағдарламаны игерген жағдайда жоғары білім дипломын ала алады.

Осы жылдың сәуір айында Қазақ медициналық университетінің үздіксіз білім беру бас лицензиясынан айыру туралы сот шешімі заңды күшіне енді.

“ҚазМҮББУ-да 3500-ге жуық адам білім алды. Студенттердің көпшілігі Алматы қаласының медициналық жоғары оқу орындарына ауысты. Кейбіреулер оқуын Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Семей, Ақтөбе, Шымкент және Түркістан қалаларындағы медициналық ЖОО-да жалғастырады. Ауысу барысында қабылдаушы жоғары оқу орындарына студенттерді қабылдау және оқу нәтижелерін бағалау кезінде ҚазМҮББУ жіберген бұзушылықтарды жоюға тура келді. Ауысқан 111 студенттің жеке істерінде қажетті аттестаттар мен оларға қосымшалар болған жоқ. Кейбір студенттерде ҰБТ сертификаттары болмады”, – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.

Сонымен қатар ҚазМҮББУ студенттерін басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру кезінде кейбір магистранттар алғышарттардан өтпей оқығаны анықталды. Ал басқалары қабылдау кезінде міндетті тестілеудің кейбір элементтерін тапсырмаған.

Бұған қоса, ҚазМҮББУ бітіруші курс студенттері мемлекеттік стандарттың міндетті пәндерін толық көлемде оқымаған. Бірқатар негізгі пәндер мүлдем игерілмеген. Мысалы, "Фармация" қысқартылған бағдарламасы бойынша оқыған студенттер тиісті 120 кредиттің орнына тек 78-ін ғана оқыды.

“ҚазМҮББУ жіберген осы және басқа да бұзушылықтар студенттерді басқа медициналық жоғары оқу орындарына ауыстыру процесін тежеді. Бүгінгі таңда бұл мәселелер шешілді, студенттер басқа университеттерде оқуын жалғастырды. Қабылдаушы жоғары оқу орындары білім алушыларға академиялық айырмашылықты игеруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ олар студенттерге жетіспейтін құжаттарды қалпына келтіруге, оқудағы олқылықтардың орнын толтыруға және ағымдағы оқу жылын уақтылы аяқтауға көмектеседі”, – деп атап өтті Гүлжан Жарасова.

Талқылау