Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мейрамхана иелері салыққа жеңілдік енгізуді сұрады

Қазақстанда мейрамхана иелері Жаңа жылға орай мәзір бағасын қайта қарастырмақшы. Олар бағаны 7-8%-ға көтеруді жоспарлап отыр. Алайда мұның өзі шығын мөлшерін ақтамайды дейді олар. Кәсіпкерлер баға өсімінің алдын алу үшін салыққа жеңілдік енгізуді сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

мейрамхана

Азық-түлік бағасының қымбаттауы тек тұрғындарды ғана емес, мейрамхана иелерін де шығынға батырып отыр. Олардың айутынша, тауарлардың барлығы дерлік 15%-ға қымбаттаған. Ал тасымалдаушылар баға өсімі жайлы ескертіп те үлгермейді екен. 

Кәсіпкер Гүлбану Майгарина мейрамханалар желісіндегі бағаны келесі айдан бастап 8% өсіруді жоспарлаған. Бұл тағамдар сапасы мен порция көлемін сақтаудың жалғыз жолы екен. 

"Биылғы жылы бағаның қымбаттауы рекорд орнатты деуге болады. Бақылап, мәзірді өзгертіп үлгермей жатырмыз. Мысалы, баға 20-30% өссе, шығын 50-60% артады. Қазіргі таңда жағдай осындай. Себебі барлық жерде шығын мөлшері көбейген", – деді жылдам тамақтану желісінің негізін салушы Гүлбану Майгарина. 

Кәсіпкерлер қарапайым тұрғындар үшін мейрамханалар мен кафелерге бару қолжетімсіз болып бара жатқанын айтады. Мәзірдегі бағаны өсірмеу үшін салық төлеуде жеңілдік енгізуді сұрады. Мысалы, Ресейде 1 қаңтардан бастап қоғамдық тамақтануға қосылған құн салығын 0%-5F дейін төмендетілмек. Алайда Қазақстанда жақын арада бағаны тұрақтандыру үшін шаралар қабылданбайды. 

"Қоғамдық тамақтану орындары қандай режимде жұмыс істейді? Сұрақ осында. Қанша адам отырады? Яғни мәселе қолдау шараларында емес, бизнес үшін қолайлы жағдай жасауда", – деді "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Олжас Ордабаев. 

Отандық кәсіпке көмек көрсетудің басқа жолдары қарастырылып жатыр. Кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша уәкілетті өкілі Рүстем Жүрсіновтің сөзінше, бизнес жүргізу ережелерін жеңілдету шаралары қаралып жатыр. Мемлекеттік органдар қазақстандық өміріне қауіп төнгенде ғана араласуға рұқсат беретін заң жобасы жасалуда. 

Талқылау